Әнші жуырда ғана үлкен сахнадан кететінін айтқан
Атышулы әнші Төреғали Төреәлі бұрынғы продюсері Жан Мұқановпен қайта табысты, олар енді ресми келісімшартқа отырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы жағдайға қатысты продюсер ресми пікір білдірді.
«Кейде бәрін басынан бастау үшін – жай ғана сену керек. Табысына емес, адамға сену. Бір кездері мен Төреғалидің продюсері болдым. Ол кезде жап-жас болатын. Стадиондар толтырдық, хиттер жаздық, үлкен сахналарға бірге шықтық. Ол кезде Төреғалиге небәрі 22 жас еді.
Қазір 32-де. Өзі – алты баланың әкесі. Тұңғышы – Кәусар есімді ақылды, салмақты, ерекше қыз. Қызынан көп нәрсе үйренді, көп нәрсе өзгерді. Ал менде – бұрынғыдай құрмет, сенім, жылулық қалды. Екеуміз де өмірден өз үлесімізді алдық. Жеңісте де, қателікте де бірге болдық. Бірақ адамға қайтадан сенуге, тағдырға жаңа мүмкіндік беруге – әрқашан болады», - дейді продюсер.
Ол сөзін жалғай отырып, әншімен ресми түрде келісімшартқа отырғанын жеткізді.
«Бүгін біз алғаш рет ресми келісімшартқа қол қойдық. Қатаң. Ақиқатты. Жауапкершілігі бар. Өйткені біз енді бала емеспіз. Енді бәрі – үлкендердің ойыны. Мен енді ресми түрде Төреғалидің продюсерімін. Жай ғана атақ емес – бұл үлкен жауапкершілік. Мен бұл жауапкершілікті қуана қабылдаймын. Себебі мен бұл жігіттің өнеріне, жүрегіне, болашағына сенемін.
Төреге тіл тигізетіндерге айтарым – Ала жіп аттамаңыз. Әр адамға екінші мүмкіндік берілуі керек. Біреуді табалау – оңай. Қолдау – қиын. Бірақ нағыз ерлік – сол. Біз мінсіз емеспіз. Бірақ біз – шыншылмыз. Барлық сенген, қолдаған жандарға алғысым шексіз.
Алда – жаңа әндер, жаңа жол, жаңа белестер. Бисмиллаһ деп, жаңаша бастаймыз. Алға, Төре!» – деп жазды Жан Мұқанов.