Оның фотосы әлемдік турнирдің желідегі парақшасында жарияланды
Қазақстандық шахматшы, гроссмейстер Бибісара Асаубаева фристайл шахмат турнирінде жарияланған суреті дау туғызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Турнирдің ресми Instagram парақшасындағы шахматшыларға арналған таныстыру жазбаларында ұйымдастырушылар Бибісараның шахматтағы жетістіктерін емес, шпагат жасап тұрған суретін жариялаған.
Шахматшының бұл фотосы әлем елдерінің желі қолданушылары арасында дау туғызып, олар түрлі пікірлерін білдірді.
«Мұндай фотосын неліктен таңдағаны түсініксіз. Ол керемет шахматшы», «Ел шекарасынан сыртқа шыққаннан кейін Қазақстанның атын жамылатыныңды ұмытпа», «Ешнәрсеге таңғалмайтын болдық», «Суретін таңдауы біртүрлі екен», «Ұят болған екен», «Бұл фотосурет әйелдер мен қыз-келіншектерге турнирлерге шақырту алу үшін ер адамдардың назарын аударатын сексуалды объектке айналу керек деген ойды жеткізеді», - деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, жуырда ғана Бибісара Асаубаева Қазақстанның жаңа гроссмейстері атанғаны хабарланған болатын.