Бес күннен кейін әншінің елдегі концерті өтеді
Димаш Құдайберген DIMENSIONS әлемдік турнесі аясында Перуге барды. Оны жанкүйерлері Лима әуежайында күтіп алды. Әншіні қаумалаған көпшіліктің видеосы желіде тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Димаш Құдайбергеннің Перу астанасы Лимадағы концерті 1 желтоқсанға жоспарланған. Ол Costa 21 концерт алаңында өнер көрсетеді. Teleticket билет операторының мәліметінше, бұл Димаштың Перудегі алғашқы концерті болмақ.
Перу сапарына дейін Димаш Мексиканың төрт қаласында – Мерида, Монтеррей, Гвадалахара және Мехикода бес концерт қойды. Одан кейін 22 қарашада Колумбия астанасы Боготада, ал 24 қарашада Чили астанасы Сантьягода өнер көрсетті. Әншінің Чилидегі алғашқы жеке концертінде аншлаг болған.
Бұған дейін Димаштың Мехикодағы концертінде күтпеген жағдай болған. Көрермен қыз әнші «Bésame mucho» әнін орындап жатқанда оны сүйіп алды. Оқиғаның видеосы кеңінен тарап, қызу талқыланған болатын.