Бүгін, 09:00
AR trend

Танымал жұлдыздардың жеке өмірі: кім ажырасып, кім қайта шаңырақ көтерді

Олардың сахнадағы шығармашылығымен қатар, жеке өмірі де көпшіліктің қызу талқысына түсіп жатады

Танымал жұлдыздардың жеке өмірі: кім ажырасып, кім қайта шаңырақ көтерді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Отандық шоу-бизнесте алғашқы некесі сәтсіз аяқталып, кейін қайта шаңырақ көтерген әнші-актерлер аз емес. Олардың сахнадағы шығармашылығымен қатар, жеке өмірі де көпшіліктің қызу талқысына түсіп жатады. Әсіресе, олардың отбасылық өміріндегі өзгерістер мен екінші рет үйленуі ел назарын аударып, жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналады. Azattyq Rýhy тілшісі бірнеше рет отбасын құрған танымал әнші-актерлердің өмір жолына шолу жасады.

Сәбит Әбдіқалықов. «Мафия мен Тақия» театрының актері әрі продюсер Сәбит Әбдіқалықовтың алғашқы жұбайы танымал актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева болатын. Өнер иелері 1999 жылы шаңырақ көтергенмен, арада бір-екі жыл өткен соң, Асылжан есімді сәбиі өмірге келгеннен кейін ажырасып кеткен. 2001 жылы Сәбит Әбдіқалықов екінші рет шаңырақ көтеріп, әнші Алтынай Жорабаевамен некесін қияды. Олардың некесінен Аяулым, Айнара, Семанұр, Көркем есімді төрт қызы өмірге келді. Арада 15 жыл өткен соң, яғни 2016 жылы жұлдызды жұптың бөлек тұра бастағаны туралы сыбыс тарайды. Ал 2017 жылы екеуінің ресми түрде ажырасып кеткені белгілі болды. Сәбит Әбдіқалықов 2019 жылы жас актриса, өзінен 16 жас кіші Динара Абдуллинамен көңіл жарастырғаны белгілі болды.

Актердің алғашқы жұбайы Айгүл Иманбаева 2024 жылы АҚШ-та тұратын IT саласының маманы Ерлан Болатұлына тұрмысқа шықты. Ал Алтынай Жорабаева 2020 жылы қостанайлық Әлішер Есенғазинмен көңіл жарастырып, некеге тұрды.

Дәурен Айдарқұлов пен Ақбота-Нұр Сейтмағамбет. Актер әрі шоумен алғашқы некесінен кейін әнші әрі актриса Ақбота-Нұр Сейтмағамбетпен екінші рет шаңырақ көтереді. 2016 жылы некелескен жұптың екі сәбиі өмірге келеді. Алайда сезімдері суып, 2020 жылы екі жаққа кетті. 2025 жылы Дәурен үшінші рет отбасын құрды. Сонымен оның алғашқы некесінен үш баласы, екінші жұбайынан екі баласы бар.

Айқын Төлепберген. Әншінің алғаш рет шамамен 2005-2006 жылдары үйленіп, екі баласы бар екені белгілі. Алайда ол 2015 жылы «KeshYOU» тобының бұрынғы солисі Жұлдыз Өмірғалимен көңіл жарастырып, кейіннен ресми некеге тұрады. Араға 9 жыл салып, 2024 жылы үлкен тойын жасайды. Әншінің екінші некесінен үш баласы бар.

Жаһан Өтарғалиев пен Балжан Бидаш. Актер мен әнші көңіл жарастырып, 2020 жылдың желтоқсанында некелерін қиған. Алайда некелері ұзаққа бара қойған жоқ. 2023 жылы жұлдызды жұп ажырасып кетті. Бұл Жаһан Отарғалиевтің екінші некесі болатын. Ал 2025 жылдың қаңтарында актер үшінші мәрте шаңырақ көтерді. Балжан Бидаш әзірге бойдақ.

Тұрсынбек Қабатов. Былтыр жұрттың талқысына түскен тақырыптың бірі әзілкештің жеке өмірі болды. Бастапқыда сыбыс ретінде тараған. Алайда бұл сыбыс расталып, жұлдызды отбасының ажырасқаны белгілі болды. Танымал әзілкеш алғашқы жұбайы Мөлдір Мұқанмен 25 жылдық некеден соң ажырасып кеткен. Олардың арасында 5 баласы бар. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, актердің кейінгі алған жұбайы Айман Талғатқызымен қазір 3 бала тәрбиелеп отыр.

Дәриға Бадықова. Танымал актриса мен бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаевтың ажырасуы өткен жылы жұрттың талқысына түскен. Актриса араға бір жылдай уақыт салып, жуырда фильмдердегі серігі Олжас Абайға тұрмысқа шықты. Ал оның бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаевтың да кеше кезекті рет үйленіп алғаны белгілі болды.