Қазақстандағы ақбөкен популяциясы туралы Ұлыбритания ханзадасы жылы пікір білдірді (ВИДЕО)
Ақбөкен қазіргі уақытта жойылып кету қаупінен арылған жануар
Ұлыбритания ханзадасы Уильям The Graham Norton Show бағдарламасында Қазақстанның ақбөкен популяциясын қалпына келтірудегі жетістігін атап өтті. Оның айтуынша, ел үкіметі жануар санын көбейтуге күш салған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ханзада Уильям ақбөкеннің жойылып кету қаупі төнген жануарлар қатарында болғанын айтты.
«Бұл бөкен түрі бір кездері жойылып кету қаупі төнген жануарлардың қатарында болған. Оазір олның саны қайтадан күрт көбейді. Қазақстан үкіметі елдің атақ-абыройы мен табиғатты қорғау ісінде осы жануардың маңызды екенін түсініп, оны сақтауға бар күшін салды», - деді ол.
Айта кетейік, 2003 жылы қазақ даласында 23 мыңға жуық ақбөкен қалды. Сол кезден бастап жануарларды қорғау және олардың популяциясын қалпына келтіру бағытында шара қабылданды. 2006 жылы «Қызыл кітапқа» енді. Жануар саны біртіндеп артты. 2023 жылы ақбөкен саны 1,9 миллионға жетсе, 2024 жылғы көктемгі санақта 2,8 миллионнан асқан. 2025 жылғы көктемгі санақта ақбөкен саны шамамен 5 миллионға жуықтағаны айтылды. 2023 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағы ақбөкеннің жаһандық тізімдегі мәртебесін «жойылып кету қаупі өте жоғары» санатынан «қауіп төнуге жақын» санатына өзгертті.
Киік етінің бағасы қанша
Ақбөкен санының көбеюіне байланысты Қазақстанда жануар популяциясын реттеу шаралары қолға алынды. 2025 жылғы шілдеде Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінің келісін 1600 теңгеден сатуды ұсынды. Ведомствоның мәліметінше, етті өңдеуге және сатуға маманданған кәсіпорындар ветеринариялық бақылаудан өтуі керек. Баға барлық сауда орындарындағы бөлшек сауда құны бірдей дегенді білдірмейді. Әзірге киік еті кәдімгі базарда кеңінен сатылмайды, өнімнің көп бөлігі өңдеу кәсіпорындарына жеткізіледі.
Киік етін жеу қауіпсіз бе
Қазақ тағамтану академиясының аккредиттелген зертханасында тексерілген киік еті Еуразиялық экономикалық одақтың ТР ТС 021/2011 «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» және ТР ТС 034/2013 «Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттерінің талаптарына сай деп танылған.
Мамандардың айтуынша, барлық санитарлық талап орындалған жағдайда киік еті адамға қауіпсіз болуы мүмкін. Киік етін жеуге тек ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткен соң ғана рұқсат етіледі. Зертханада тексеріліп, тиісті құжаттары рәсімделген өнімді тұтынуға болады.
Айта кетейік, ханзада Уильям – Ұлыбритания королі III Чарльздың үлкен ұлы әрі тақ мұрагері. Ол табиғатты қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. 2020 жылы Уильям қоршаған ортаны қорғауға арналған халықаралық The Earthshot Prize сыйлығын ұйымдастырды. Ұйым 2030 жылға дейін ғаламшарды қалпына келтіруге көмектесетін тиімді экологиялық шешімдерді тауып, оларды кеңінен таратуды мақсат тұтады.