Жанкүйерлер шоуды жоғары бағалағанымен, кейбірі «S.O.S» әнінің орындалмағанына өкініш білдірді
Қазақстандық әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген Польшадағы концертімен DIMENSIONS атты жаңа әлемдік турнесін бастады. Өнер иесінің командасы бүгін, 19 қазанда, концерттен түсірілген алғашқы фотоларды жариялады. Ал жанкүйерлер өз әсерлерімен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
18 қазанда Қазақстанның халық әртісі Краков қаласындағы Tauron Arena сахнасында DIMENSIONS атты жаңа шоуын ұсынды.
«Әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған жанкүйер жиналған әсерлі концерт әртүрлі құрлықтарда жалғасатын әлемдік турнеге жол ашты. Турненің басталуына орай көрермендерді сан қырлы ішкі әлеміне шақырған Димаш концертті қазақ тіліндегі “Dimensions” атты эпикалық әнімен ашты», – деп мәлімдеді Димаш Құдайбергеннің командасы.
Жаңа турне үшін Димаш көптеген жаңа шығарма дайындаған. Олардың басым бөлігінде ол композитор ретінде де өнер көрсетті.
Концерттің бірінші бөлімінде ағылшын тіліндегі екі жаңа ән – «Guilty of Your Light» және «Somebody Loves You» алғаш рет орындалды. Бірінші бөлім композитор Игорь Крутойдың «Olimpico» кантатасымен аяқталды.
Келесі бөлімнің басында «Fire» әні ерекше сахналық қойылыммен көрермен назарын өзіне аударды. Одан кейін Димаш ағылшын тіліндегі «Drive On» және «Tell Me Why» әндерін, виртуозды вокализді, сондай-ақ інісі Мансұр Құдайберген жазған «Release my soul» композициясын орындады.
Команда өкілдерінің айтуынша, жанкүйерлер кеш бойы ерекше көңіл күйде болған. Концерт басталмай тұрып-ақ олар Димаштың әндерін бірге орындап, өздері ән айтып, кешке қызу дайындалған. Ал концерт барысында өнер иесін үздіксіз қолдап отырды.
Дәстүрлі ән айту сәтінде жанкүйерлер Димашқа поляк тілінде «Мен сендерді жақсы көремін» деген сөзді үйретті. Әнші бұл сөзді көрермендермен бірге қуана қайталады.
Димаш қолындағы жарқын баннерді байқап, сахнаға шақырған Молдова елінен келген Тимур есімді бала кеш иесінің қолдауымен өзі жақсы көретін «Любовь уставших лебедей» және «S.O.S» әндерінің үзінділерін орындады.
Шоудың үшінші бөлімінде экраннан кішкентай Димаштың бейнесі көрсетілді. Ол өзінің «Өмір» атты авторлық әнін орындай бастады. Кейін сахнадағы Димаш экрандағы есейген бейнесімен бірге әнді жалғастырды.
Туған жерінің дәстүріне құрмет ретінде «Ақерке», «Тау ішінде» және «Дүрдараз» халық әндері орындалды. Әр шығарма ерекше хореографиялық қойылыммен ұсынылып, шағын спектакль іспетті әсер қалдырды.
Домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыздың виртуозды орындауынан кейін Димаш сахнаға қайта оралып, «The Story of One Sky» әні арқылы бейбітшілікке шақырды.
Одан кейін қобызшы Олжас Құрманбекпен бірге орындаған «Stranger» композициясы арқылы Димаш алдыңғы әлемдік турнесінен жаңа турнеге эстафета тапсырғандай әсер қалдырды.
Бағдарламаның осы бөлімінде көрермендер қазақ тіліндегі тағы бір жаңа шығарма – «Moonlight», өткен жылы алғаш рет ұсынылған «Самғау» және «Любовь уставших лебедей» әндерін тыңдады.
Шоудың қорытынды бөлімі әлемдегі жанкүйерлер жатқа білетін «Ұмытылмас күн» композициясымен басталды. Терең сезім туралы музыкалық әңгіме жақында ғана таныстырылған түрік тіліндегі «Yazgi» әнімен жалғасты.
Концерттің финалында бүкіл зал «Give Me Your Love» және жаңа «Жаңа күн» әндеріне қосылып, бірге көңіл көтерді.
Сонымен қатар өнер иесінің командасы Димаштың барлық жанкүйеріне қолдауы мен ықыласы үшін алғыс айтып, алдағы концерттерде кездесуге шақырды.
«Димаш барлық жанкүйеріне ықыласы мен қолдауы үшін алғыс білдіреді. Ол алдағы концерттерде кездесуді асыға күтеді. Турне енді ғана басталды! Кездескенше!» – делінген хабарламада.
Жанкүйерлер Құдайбергенді әлемдік турнесінің басталуымен құттықтап, Краковтағы шоудың керемет өткенін жазды.