«Кино емес»: Дариға Бадықова мен Олжас Абай үйленді (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Жұлдызды жұп қуанышты жаңалықтарымен әлеуметтік желіде бөлісіп, тойдан суреттер жариялады

Фото: instagram.com/erke_esmahan

Қазақстандық актриса әрі продюсер Дариға Бадықова мен актер Олжас Абай үйленді. Өнер иелері қуанышты жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшаларында бөлісіп, тойдан түсірілген кадрларды жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олжас Абай үйлену тойынан видео көрсетіп, қонақтар арасында туыстары мен өнердегі әріптестері болғанын аңғартты.

«Бұл жолы кино емес», – деп жазды актер Instagram парақшасында.

Желі қолданушылары жаңалыққа қуанып, жас жұбайларға ақ тілектерін жаудырды. Пікір қалдырғандар арасында олардың отау құрғанына таңғалғандар да, жарасымды жұп екенін айтқандар да бар.

«Олар расында да үйленді ме? Бақытты болыңдар, жандарым», «Әдемі жұп», «Шынымды айтсам, ол сенің жаныңда жарқырап тұр», «Әр адам бақытқа лайық» деген пікірлер жазылды.

Дариға Бадықова да Instagram парақшасында тойдан бірнеше сурет жариялап, өз ойын жеткізді. Актриса әр адамның өз тағдыры мен бақыты бар екенін айтып, жұртшылықтан жас жұбайларға ақ тілек білдіруді сұрады.

«Құдайдың бұйрығына ешкім қарсы шыға алмайды. Тағдырдың жазғанын ешкім өзгерте алмайды. Қалай десек те, кім не ойласа да, әр адамның өз тағдыры, өз бақыты бар. Біреудің бақытына төрелік айту бізге бұйырмаған. Біз ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Ешкімге ештеңе дәлелдеуге де міндетті емеспіз. Тек бақыт тілеңіздер! Өйткені ақ ниетпен айтылған бір ауыз тілек мың түрлі пікірден қымбат», – деп жазды актриса.

Өнердегі әріптестері де жұпты құттықтап, әлеуметтік желіде тойдан суреттер мен стористер жариялады. Олардың қатарында Ерке Есмахан да бар. Ол жас жұбайлардың тойынан түсірген фото, видеолармен бөлісті.