Қайрат Нұртастың Шымкентте өткен концертінде шу шықты: көрермендер жарақат алған

Автор: Алмас Ерсін

Әлеуметтік желіде концертке барғандар әлеуметтік желіде шағымдарын жариялады

Фото: instagram.com/kair_n

Шымкентте 10 қазанда өткен Қайрат Нұртастың концертіне келген көрермендер кіреберістегі кептеліске шағымданды. Әлеуметтік желіде көпшіліктің бір-бірін итеріп, кейбір адамдардың жарақат алғаны туралы жазбалар тарады, хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көрермендердің айтуынша, концертке келгендердің бір бөлігі ұзақ уақыт кезекте тұрып, ішке кіре алмаған. Есік ашылғанда жұрт жаппай алға ұмтылып, итеріс басталған. Кейбір адамдар құлап, көпшіліктің арасында қалғаны жазылды.

Концертке барғандардың бірі сол сәтте тыныс ала алмай, құлап қалғанын және басқа адамдардың көмегімен сыртқа шыққанын жеткізді. Тағы бір көрермен концерттен мұрны, қолы мен аяғы жарақаттанған күйде оралғанын айтып, болған жағдайға кім жауап беретінін сұрады.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі жедел жәрдем көліктеріне бірнеше адамның отырып жатқанын көргенін айтты. Оның жазуынша, кейбір көрермендер жедел жәрдем қызметкерлерінен су сұраған. Сондай-ақ ол өзін бірнеше күннен бері жайсыз сезініп жүргенін айтқандар мен ауырсынуды басатын дәрі сұраған адамдар болғанын жазды.

Ал билет сатумен айналысқан компания концертте адамдардың зардап шеккені туралы хабарларға алаңдаушылық білдірді. Оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын айтып, қазір ең бастысы – адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі екенін атап өтті.

«Зардап шеккендер туралы хабарлар бізді қатты алаңдатты. Оқиғаның мән-жайын анықтап жатырмыз және бұл жағдайға тап болған адамдар үшін шын жүректен алаңдаймыз», – делінген компания мәлімдемесінде.

Айта кетерлігі, «Сахнада 20 жыл» атты концерт әншінің шығармашылық қызметінің 20 жылдығына арналған мерейтойлық тур аясында Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өтті.