«Жастар осыларды тыңдап, өзгеріп кетті»: Қайрат Нұртастың анасы Роза коучтың ит терісін басына қаптады

Автор: Асыл Арман

Ол Роза Әшірбаеваның сөзі денесін тітіркентіп жібергенін айтты

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Танымал әнші Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова танымал блогер Роза Әшірбаеваның пікірін қатаң сынға алып, қарсы жауап жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сұранса бір жері кеміп қалады да, сұранбай кетсе қарағайдай маңдайына мүйіз шығады ма екен? Жастар онсыз да үміт артып, өсіріп отырған өз ата-анасын емес, осылай ақыл берушілерді тыңдап, өзгеріп кетті, үлкенді құрметтеу жоғалып, бұлай азғыруға болмайды, осындай ақылды өз ұрпақтарына үгіттеп бере бергені дұрыс ау. Осыдан кейін отбасыларында қалай ауызбіршілік болсын», – дейді әншінің анасы.

Ол сөзін жалғай отырып, келіндерімен ақылдасып шешетін мәселелер бар екенін айрықша атап өтті.

«Менде енемін, келін маған айтпақ тұрмақ, менің өзім айтпай, ескертпей кетпеймін. Біз бір отбасы емеспіз бе?! Кейде келіндеріммен ақылдасамын, не киейін, не алып барсам болады деп. Олар дереу сыйлыққа тапсырыс беріп, көмегі жаныма шуақ шашады. Содан кейін керемет көңіл-күймен, осыларды бере салған Құдайға рақмет деп, шүкіршілігімді айтып, мәз болып үйден шығамын», – дейді Гүлзира Айдарбекова.

Продюсер сөз арасында Роза Әшірбаеваның сөзі денесін тітіркентіп жібергенін ерекше қозғап өтті.

«Ал күйеуіңнен сұрансаң не болыпты? Бір жағдай болып қалса, жүгіретін де сол отбасың, күйеуің емес пе. Әрине Роза емес. Мен Розамен сыйласамын, бірақ мына сөзі денемді тітіркентті. Құрметті аналар, келіндер, біреудің емес, өз ақылдарыңызбен, білсеңіз өз анаңызбен... Жақсы болыңыз, жаман болыңыз өсектен ажырамай отырған өз енеңіз, ол да сіздің анаңыз, сіз оның өмірін жалғастырып сол әулеттің ұрпағымен сусындап отырсыз, сіздің нағыз жанашырыңыз осы кісілер ғана. Ерегісті тоқтатып, менмендікті, өзімшілдікті тоқтатып, тек жақсы ойлармен, ол кісілерге деген мейіріммен өмір сүріп көріңізші. Жолыңыз ашық, өміріңіз керемет, табысыңыз берекесімен болады», – дейді Қайрат Нұртастың анасы.

Айта кетейік, осыған дейін Роза Әшірбаева әйел адамның бір жерге баруы үшін күйеуінен, енесінен сұрануы қисынсыз екенін айтып, оған қоғамда түрлі пікірталас туындаған.