Актёр Арас Булут Ийнемли Стамбұлдағы есірткі айналымына қатысты тергеу аясында қолға түскен
Түркияда «Ғаламат ғасыр» және «Шұңқыр» сериалдарымен танымал актер Арас Булут Ийнемли ұсталды. Ол есірткінің заңсыз айналымына қатысты тергеу ісі бойынша күдікке ілінгендердің қатарында, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
TGRT Haber мәліметінше, барлығы 15 адам ұсталған. Олардың арасында актерлер, әншілер, кәсіпкерлер, ойын-сауық орындарының иелері және блогерлер бар.
18 қыркүйекте Стамбұл жандармериясына тергеу ісі бойынша күдіктілерді ұстау және олардың үйлерінде тінту жүргізу тапсырылған. Сондай-ақ ұсталғандардан биологиялық сараптама алынуы тиіс. Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін олардан жауап алу үшін прокуратураға жеткізу жоспарланып отыр.
Бұған дейін есірткіге қатысты тергеу аясында «Тағдырға сен» сериалындағы Сейран рөлімен танымал актриса Афра Сарачоглу да күдіктілердің қатарында болғаны хабарланған.