Атышулы актер Нұрсұлтан Жақсыген енді бес жыл бойы әлеуметтік желіге кіре алмайды
Атышулы актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот тағы бір қатаң жаза кесті. Ол енді түрмеде отырғанымен қоймай, алдағы 5 жылда блогерлікпен айналыса алмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экс-жұбайы Фариза Алмазқызының қыр-соңынан қалмай, ауыр сөздер айтып, жалған ақпарат таратқан Нұрсұлтан Жақсыген сот үкімімен 2,3 жылға бас бостандығынан айырылған.
Алматы облысы сотының баспасөз қызметі таратқан ресми хабарламадан актерге қатысты тағы бір қатаң жаза белгіленгені анықталды.
«Қылмыстық кодекстің 50-бабының үшінші бөлігі бойынша Нұрсұлтан Жақсыген бес жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда, әлеуметтік желілерде және өзге де телекоммуникация желілерінде көпшілікке арналған ақпаратты дайындауға, жариялауға және таратуға байланысты журналистік, блогерлік және өзге де жария ақпараттық қызметпен айналысу құқығынан айырылды», – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, осыған дейін актердің түрмеге кетіп бара жатып, әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы сөзін жазып үлгергені хабарланған.