Оның трансляциясын 12 мың адам көрген
Семейде TikTok әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде боқтаған 50-ден асқан әйел темір қапасқа қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысының полиция қызметкерлері әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіп отырып, TikTok желісіндегі тікелей эфирді анықтады. Эфир барысында әйел адам лас сөздер айтып, ішімдік ішкенін әдейі көрсетеді. Осылайша өзгелерге құрметсіздік көрсеткен. Трансляцияны шамамен 12 мың адам көрген.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын жедел анықтады. Ол Семей қаласының 53 жастағы тұрғыны Мадина Баяхметова болып шықты.
«Әлеуметтік желілер – баршаға қолжетімді кеңістік. Ал тікелей эфирлерді кәмелетке толмағандар да көруі мүмкін. Мұндай әрекетке жол берілмейді және ол заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Сот әйелді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, жасына байланысты бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады», – делінген ПД хабарламасында.
Абай облысының Полиция департаменті ескертеді: әлеуметтік желілердегі жария әрекеттердің құқықтық салдары бар. Тікелей эфир кезінде былапыт сөз айту, әдепсіз мінез-құлық көрсету және қоғамдық тәртіпті бұзудың өзге де түрлері жауапкершілікке тартуға негіз болуы мүмкін.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада бойжеткен тікелей эфирде күлдіргіш газ қолданып, былапыт сөйлеген видеосы тараған.