Тікелей эфирді 1300 адам, оның ішінде кәмелетке толмағандар да көрген
Астанада тікелей эфирде боғауыз сөздер айтып, есірткіге пара-пар затты қолданған стример істі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның видеосы Threads желісінде жарияланды. Видеоға назар аударсақ, бойжеткеннің есірткіге пара-пар азот оксидін көп мөлшерде қолданып отырғанын, лас сөздер айтқанын байқауға болады.
Ал тікелей эфирді 1300 адам, оның ішінде кәмелетке толмағандар да көрген.
Жағымсыз оқиғаға байланысты Астана қаласының Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады.
«Аталған факті бойынша құқық бұзушы анықталды. Әлеуметтік желілерде балағат сөздер қолданылып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Жиналған әкімшілік материал шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», – делінген ПД хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Алматыда тікелей эфирде балағат сөз айтқан екі блогер қамауға алынғаны хабарланған.