«Өте жиіркенішті, оңбағандық»: танымал блогер даяшыны боқтағаннан кейін кешірім сұрады (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Ол анасы қайтыс болғаннан кейін ауыр күйзелісте жүргенін айтты

Фото: instagram.com/bekaeasy

Блогер әрі BekaEasy деген атпен танымал актер Бекзат Елеусізов Алматыдағы дәмханалардың бірінде жас даяшымен дөрекі сөйлескені түсірілген видео тарағаннан кейін кешірім сұрап, арнайы видео жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Шынын айтсам, әрине, бұл – өте жиіркенішті әрекет, нағыз оңбағандық», – деп ағынан жарылды блогер жаңа видеосында.

Ол мекеме қызметкерінен және болған жағдайды видеоға түсірген бойжеткеннен кешірім сұрады. Сондай-ақ даяшыны жеке өзі іздеп, кешірім сұрау үшін оның байланыс нөмірін табуға тырысқанын айтты.

Блогердің сөзіне сүйенсек, оқиғадан кейін ол аудандық полиция бөліміне өзі барған. Қоғамдық орында лас сөздер айтқаны үшін сот процесі өтіп, блогер өзіне салынған айыппұлды төлеп қойған. Видео тарағаннан кейін бірнеше күн үнсіз отырғанын жағдайдан қашып, бой тасалағаннан емес, өз-өзіне келіп, зиян тигізген даяшыға хабарласпақ болғанын айтып ақталды.

Елеусізов сөз арасында соңғы айларда өзінде болған қиындықтары туралы айтып берді. Айтуынша, анасы қайтыс болғаннан кейін байланысты шамамен он айдан бері ауыр кезеңді бастан өткеріп келеді.

«Соңғы он айда ең жақын адамымнан айырылғаннан кейін ауыр күйзелісте жүрмін. Ол – менің анам. Ол менің тіреуім, жақыным еді», – деді ол.

Дегенмен, блогер бұл жағдайды даяшымен болған оқиғаны ақтайтын себеп деп санамайтынын ерекше атап өтті.

«Бұл тек менің жеке проблемам екенін жақсы білемін. Сол үшін менен басқа ешкім зардап шекпеуі керек», - деді блогер.

Айтуынша, күйзелісте жүргендіктен жиі ішімдік ішетін болған әрі мамандардың көмегіне жүгінуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, қоғамдағы жағымсыз оқиға блогердің даяшы қыз балаға ауыр сөздер айтып, дөрекілік көрсеткені туралы видео тарағаннан кейін белгілі болды. Видео авторының айтуынша, жағдайға араласып, даяшыны қорғап қалмақ болға. Өзін блогердің жанкүйері ретінде таныстырып, одан даяшыны жіберуін сұраған. Алайда блогер оны боқтап, орынсыз сөздермен жауап берген.

«Осындай блогерлер өздерін ерсі ұстамай, қарапайым жастарды қорламаса екен деймін!» – деп жазды қыз.

Сондай-ақ ол e-Otinish арқылы ресми арыз беруге ниетті екенін мәлімдеді.