«Сұлтан Сүлеймен» Қазақстанға келе жатыр
Халит Ергенч Алматыда жанкүйерлерімен кездеседі
Әйгілі «Ғажайып ғасыр» түрік телехикаясында Сұлтан Сүлейменнің рөлін сомдаған танымал актер Халит Ергенч алғаш рет Қазақстандағы жанкүйерлерімен кездеседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі түрік актерінің шығармашылық кеші 14 қыркүйек күні сағат 19:00-де Алматыдағы Республика сарайында өтеді.
Халит Ергенч қазақстандық көрермендерге арнап арнайы бейнеүндеу де жариялады.
«Сәлем, Қазақстан! 14 қыркүйек күні сағат 19:00-де Алматыдағы Республика сарайында кездесеміз. Кездесуді асыға күтіп жүрмін. Жақында жүздескенше!» – деді актер.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кеш қонақтары актермен ашық форматта еркін сұхбаттасып, оның шығармашылық жолы, түсірілім барысы және мансабындағы қызықты оқиғалар туралы біле алады.
Сонымен қатар кеш бағдарламасында Symphosaz этно-симфониялық оркестрі өнер көрсетіп, танымал түрік телехикаяларының ең әйгілі саундтректерін орындайды.