Энрике Иглесиас қазақстандық суретшінің ерекше сыйлығын 60 млн оқырманына көрсетті (ВИДЕО)
Әнші күзде Қазақстанда екі концерт қояды
Әлемдік жұлдыз Энрике Иглесиас өзінің Facebook және X ресми аккаунттарында қазақстандық суретші және блогер Әсел Сабыржанқызының жазбасын көрсетіп, «See you soon Kazakhstan» («Жақын арада кездескенше, Қазақстан») деп жазды. Оның Facebook парақшасына 49 миллион адам, ал X-тегі аккаунтына 10,9 миллион адам жазылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Суретші Әсел Сабыржанқызы осы уақытқа дейін де әлемдік жұлдыздардың суретін кілемге салып, көпке танылған болатын. Бұл жолы Энрике Иглесиастың суретін салған суретші жаңа туындысын «Ring My Bells» әнімен таратқан.
Сюжетке қарасақ, суретші қыздың күйеуі оның бұл шығармашылығын қолдамайды. Сондықтан, жолдасымен сөзге көп келетін көрінеді. Сондай ұрыс-керістен кейін бойжеткен ғимараттың төбесіне шығып, Энрике Иглесиастың үлкен портретін салып шыққан. Роликке комментарий ретінде суретші оқырмандарынан бұл туындыны Энрике Иглесиас көруі үшін әншінің аккаунтын белгілеп кетуін сұраған.
«Суретшінің тілегі бірнеше күн ішінде қабыл болып, Энрике Иглесиас бұл жазбаны байқап, бейнені өзінің Facebook және X ресми парақшаларында таратқан», - деп жазады концерт ұйымдастырушылары.
Естеріңізге сала кетейік, күзде Энрике Иглесиас Қазақстанда алғаш рет жеке концерт береді. Концерттер 3 қыркүйекте Астанада және 5 қыркүйекте Алматыда өтеді. Көрермендерді бүкіл әлем бойынша ондаған мың жанкүйерлерді жинайтын жанды дауыстағы ауқымды қойылым және толыққанды әлемдік шоу күтеді. Қазақстандық сахналарда әртістің басты хиттері орындалады, олардың арасында Bailando, Hero, Escape, Tonight, Súbeme la Radio және басқалары бар.