Қайрат Нұртасқа қатысты дауға байланысты Астана полициясы ресми мәлімдеме жасады
Полиция әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлап, істің мән-жайын түсіндірді
Астана полициясы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әнші Қайрат Нұртасқа қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде елордадағы қонақүйлердің бірінде болған болжамды зорлау оқиғасы туралы хабарлама тараған. Жарияланымдарда белгілі әнші Қайрат Нұртастың есімі аталып, оның жауапкершіліктен жалтарды деген де мәліметтер жазылған.
Астана қаласы Полиция департаменті бұл ақпаратқа байланысты тексеру жүргізілгенін мәлімдеді.
«Зорлау фактісі туралы ақпарат өз расталуын таппады. Жарияланымдарда келтірілген жайттарға қатысты хабарлаймыз: 10 шілде күні «102» арнасына 2006 жылы туған қыздан қаладағы қонақүйлердің бірінде ер адамның заңға қайшы әрекеттері туралы хабарлама келіп түсті. Осы хабарлама бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен тексеру жүргізілді», – делінген ведомствоның хабарламасында.
Полицияның алдын ала мәліметінше, қонақүйдегі екі адамның арасында жеке қарым-қатынасқа байланысты жанжал туындаған. Қазіргі уақытта ол мәселе шешімін тапқан.
Арызданушы қыз ешқандай талабы жоқ екенін айтып, шағымынан бас тартқан.
Сонымен бірге полиция әншінің бұл оқиғаға қатысы бар-жоғын нақтылаған жоқ. Қазіргі уақытқа дейін Қайрат Нұртастың немесе оның өкілдерінің ресми түсініктемесі жарияланған жоқ.