«Қуанышты бөліссең, көбейеді»: Динара Сәтжан оқырмандарынан сүйінші сұрады (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Тележүргізуші ұлы Даниялдың сүйіктісі Айнұрға сырға салынып, екі жақ құдалыққа ресми қадам жасағанын хабарлады

видеодан скриншот

Қазақстандық тележүргізуші, журналист әрі кәсіпкер Динара Сәтжан отбасындағы қуанышты жаңалығын бөлісті. Оның ұлы Даниял сүйіктісі Айнұрға сөз салып, отбасында сырға салу рәсімі өтті. Іс-шарадан түсірілген видеоны ол Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақта "Қуанышты бөліссең, көбейеді" деген сөз бар. Менің де сіздермен бөлісер қуанышты жаңалығым бар. Бүгін болашақ келінімізге сырға салдық», – деп жазды Динара Сәтжан әлеуметтік желіде.

Тележүргізушінің айтуынша, ол Айнұрды төрт жылдан бері таниды. Осы уақыт ішінде ұлының дұрыс таңдау жасағанына көзі жеткен.

«Даниял әскерге кеткен кезде Айнұрмен бірге жиі жүрдік. Сол кезде ұлымның жар таңдауда қателеспегенін түсіндім. Айнұр ұлымның сүйікті жары ғана емес, өмірдегі сенімді тірегі де болады», – деді ол.

Динара Сәтжан сырға салу – қазақ халқының ең әдемі салттарының бірі екенін айтып, бұл рәсім жастар өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіретінін атап өтті.

«Ең бастысы – болашақ құдаларымызбен кездесіп, олардың батасын алдық», – деп қосты тележүргізуші.

Сондай-ақ ол енді отбасын ұлының үлкен тойына дайындық күтіп тұрғанын айтты.

«Кейде бәрі қалай өтеді деп уайымдаймын. Бірақ жанымда әрдайым қолдау білдіретін жақындарым бар. Сондықтан тойдың дайындығын ерекше көңіл күймен бастап кеттік», – деп бөлісті Динара Сәтжан.

Желі қолданушылары пікірлерде жас жұбайларға ақ тілектерін жаудырды.

– Қандай сұлу! Бақытты болыңдар!

– Даниял қандай бақытты!

– Жастарға бақыт тілейміз.

– Неткен әсерлі сәт!

Сырға салу – қазақтың дәстүрлі құда түсу салтының бірі. Бұл рәсімде болашақ келінге салтанатты түрде сырға тағылады. Ол қыздың ресми түрде қалыңдық атанып, жаңа әулетке келін болып түсуінің белгісі саналады.