Бүгін, 14:17
AR trend

«Джейме Ланнистер» Астанада өтетін фестивальдің хедлайнері атанды

Астанада бұл шара бесінші рет өтіп жатыр

«Джейме Ланнистер» Астанада өтетін фестивальдің хедлайнері атанды
Фото: Comic Con

Comic Con Astana халықаралық фестивалінің ұйымдастырушылары биылғы шараның екінші хедлайнерін жариялады. Ол Netflix-тің Эйитиро Ода мангасы негізінде түсірілген «One Piece» сериалында басты кейіпкер Манки Д. Луффи рөлін сомдап, әлемдік танымалдылыққа ие болған мексикалық жас актер Иняки Годой, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауқымды поп-мәдениет мерекесі биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Фестиваль 2026 жылғы 6-9 тамыз аралығында Астана қаласында өтіп, кино, сериал, комикс, аниме және бейнеойын жанкүйерлерінің басын қосады.

Иняки Годой өз буынының ең дарынды әрі жарқын актерлерінің бірі саналады. Ол сомдаған қарақшылар капитаны Луффидің бейнесі қысқа мерзімде миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленді. Актер бұл жобадан бөлек «Кемеліне жетпегендер» және «Сараны кім өлтірді?» сериалдары арқылы да жақсы танымал. Фестиваль аясында ол басты сахнаға шығып, жанкүйерлермен кездеседі, сондай-ақ автограф және фотосессияларға қатысады.

Бұған дейін фестивальдің алғашқы хедлайнері ретінде «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танымал даниялық актер Николай Костер-Вальдау жарияланған болатын.

Халықаралық кино жұлдыздарымен қатар Comic Con Astana 2026 сахнасында танымал шетелдік және отандық контент авторлары бой көрсетеді. Қонақтар қатарында Германияның Kamui Cosplay шығармашылық дуэті, танымал YouTube блогерлері Даня Крастер (SuperCrastan), Jane Kravitz, видеоблогер Karrambaby, аниматор Dobryak және қазақстандық киношолушы Dalbek бар.

Биыл фестиваль ауқымы кеңейіп, бірден екі ірі алаңда ұйымдастырылады:

  • Barys Arena аумағында басты сахна мен хедлайнерлермен негізгі кездесулер өтеді;

  • «Алау» мұз сарайында тақырыптық аймақтар, ойын кеңістіктері, серіктестердің стендтері мен интерактивті бағдарламалар шоғырланған ауқымды көрме ашылады.

Фестивальдің басты оқиғаларының бірі — жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайтын халықаралық косплей байқауы болмақ. Бұл сайыс Comic Con Astana-ны өңірдегі ең ірі косплей ареналарының қатарына қосады.

Айта кетейік, өткен жылдары фестиваль қонағы ретінде Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек сияқты әлемдік деңгейдегі жұлдыздар келген болатын. Биылғы шараның билеттері ресми сomicconastana.kz сайты мен Яндекс Афиша платформасында сатылымға шықты. Шараға Яндекс, BIGBON, Chupa Chups секілді халықаралық ірі брендтер серіктес ретінде қолдау көрсетіп отыр.