Әлеуметтік желіде видео кеңінен таралған
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде өткен диплом табыстау салтанатында университеттің басқарма мүшесі – ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рақым Бекназаров диплом алған түлекпен бірге сахнада би биледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түлектердің қуанышын бөліскен осы көріністің видеосы әлеуметтік желіде таралып, қолданушылар арасында қызу талқыланды. Көпшілік мұны университет басшылығы мен студенттер арасындағы ашық қарым-қатынастың және салтанатты рәсімнің жылы атмосферасының көрінісі ретінде қабылдады.
Биыл университетті 3 295 түлек аяқтаған. Оның ішінде 3 041 – бакалавриат, 246 – магистратура, 9 – докторантура бағдарламаларының түлектері.
Диплом табыстау рәсімі жас мамандар үшін кәсіби өмірге бастар маңызды белес саналады. Осындай сәттер түлектердің университетпен байланысты ең жарқын естеліктерінің біріне айналып, білім ордасындағы академиялық орта мен адами құндылықтарды қатар көрсетеді.