Ол ажырасқан соң өмірінің мәні жоғалтқан
Кәсіпкер Ляйсира Марат бұрынғы жолдасы Тұрсынғали Алагөзовпен ажырасқаннан кейінгі ішкі күйзелісі мен қазіргі күйі туралы айтты. Ол «Вслух о личном» жобасында қонақ болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бизнесвумен 2016 жылы ажырасу процесі өзіне ғана емес, ата-анасы мен жақындарына да ауыр соққы болып тигенін жасырмады.
«Ол кезде менің жан дүнием «өлді». Құр сүлдерімді алып жүрдім. Қазір маған сол кезеңді еске алу қиын. Өзім ғана емес ата-анам да менімен бірдей тозаққа түскендей қиналды. Ешбір ата-анаға баласының қиналғаныны көруді тілемеймін. Біздің әр әрекетіміздің салдарын балаларымыз бен жақындарымыз көреді. Мен Тұрсынмен қарым-қатынасымыз туралы тақырыпты қозғағанда абайлап сөйлеймін, өйткені ортақ балаларымыз бар. Олар үлкен махаббаттың арқасында дүниеге келді. Олар әдемі, ақылды балалар. Балаларыма әке болатын азаматты өзім таңдадым. Мен бұл таңдауыма өкінбеймін. Сол кездегі махаббат кейін болған жағдайлардың барлығынан күшті болып шықты, солай бәрін ақтап алды. Адам өмірінің басты мақсаты - ұрпақ жалғастыру, осындай ұрпағың болса, бақыттысың», - деді ол.
Ляйсира Марат бұрынғы жұбайымен өмірлік бірге болатынына сенгенін, ажырасқан соң өмірінің мәні жоғалғанын айтты.
«Ол кезде өмірім осымен бітті деп ойладым. Мен күйеуіммен бір жастықта қартаюым керек еді, менің миымда басқа сценарий болмаған. Осыған кәміл сендім. Ол адам кеткенде жалғыздықпен бетпе-бет қалдым. Сенің өміріңнің мәні болған махаббат кетіп қалады, одан кейін қайдан мағына іздеуді, қалай өмір сүруді білмейсің. Бұл тек әйелдерге ғана қатысты мәселе емес. Анам өмірден өткенде әкем де дәл осындай кезеңді бастан өткерді, шырағы сөнгендей болды. Бірақ балаларына деген махаббаты өмірге оралтты. Ал мен бүгін өзіме деген махаббатты таңдаймын. Соған қадам жасап, қалған өмірімді мәнді өткіземін деген таңдау жасадым», - деді ол.
Одан кейін, Ляйсира Марат экс-күйеуі оның бизнесін тартып алған кезде күйзелісі күшейіп, мамандарға жүгінген. Дегенмен, кәсіпкер әйел күйзелісін жеңіп, кәсіби мамандардың кеңесі жазылған бір емес, екі кітап жазып шығарғанын және қазір өмірде ер адамға деген махаббаты да оянғанын жасырмады.