«Құны 45 млн теңге»: БҚО-да 20 жыл бұрынғы мектеп түлектері ауылға Эйфель мұнарасының көшірмесін орнатып берген (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл ауылдың түлектері жыл сайын ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымына үлес қосатын көрінеді 

Фото: видеодан скриншот

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Жалпақтал ауылының 2006 жылғы түлектері ауылдарына «Ынтымақ» атты Эйфель мұнарасын орнатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның биіктігі 35 метр, құны 45 млн теңге. Әдемі ескерткішті 2006 жылы Жалпақтал ауылының мектебін бітірген түлектері ауылға сый ретінде орнатып берген. 

«Негізі көбі білмейді, бірақ Жалпақталдың жігіттері өте ұйымшыл және істерінде береке бар. Әр жыл сайын осы ауданнан шыққан түлектер бір сыйлық жасап жатыр. Мысалы, былтыр түлектер спортзал сыйлады, биыл міне биік мұнара. Ойлаңызшы, бұндай мұнара салуға қаншама ақша қажет. Яғни, түлектер жоғары білікті, табысты мамандар. Бұл келесі ұрпаққа мотивация. Жас ұрпақ ағаларына қарап үлгі алады және олар да бір есте қаларлық сыйлық жасауға тырысады. Осы үрдіс барлық ауданда жалғасса, өзіміз-ақ ауыл мен ауданды көркейтер едік», - дейді ауыл тұрғындары.

Желіде бұл әрекет түрлі пікірге ие болды. Кейбірі осылай туризм дамиды десе, кейбірі әлемдік мұнараны қайталаудың қажеті жоқ деген пікірін жазған.