Қазақстандық видеограф әлемнің үздік трэвел-блогері атанды
Салтанатты марапаттау рәсімі Францияда Канн кинофестивалі аясында өтті
Қазақстандық видеограф әрі тревел-блогер Дастан Мұхамедрахим WIBA Awards 2026 халықаралық сыйлығын ресми түрде иеленді. Ол «Әлемнің үздік тревел-блогері» аталымы бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Блогер марапатты алғанын әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, салтанатты рәсімнен кадрлар жариялады.
Қазақстандық блогердің есімі әлемдегі ең танымал инфлюенсерлер қатарында аталды. WIBA Awards сыйлығы жыл сайын халықаралық деңгейде мойындалып, digital-индустрияға ықпал еткен авторлар мен жобаларды марапаттайды.
«Канны қаласында “Үздік Саяхатшы блогер 2026” марапатын иелендік! Аллаға шүкір!» - деп жазды блогер әлеуметтік желідегі парақшасында.
Дастан Мұхамедрахим табиғат, қалалар мен түрлі елдердің мәдениетін кинематографиялық стильде түсірілген travel-видеолары арқылы танытып жүр. Соңғы бір жылда оның видеолары бірнеше мәрте миллиондаған қаралым жинап, кейбір жарияланымдары Instagram желісінің ресми парақшалары мен ұсынымдарына шыққан.
Желі қолданушылары мен әріптестері авторды жеңісімен құттықтап, бұл марапатты лайықты жетістік деп бағалады. Сондай-ақ олар қазақстандық блогердің табысы отандық блогинг саласы үшін маңызды оқиға болғанын атап өтті.
Бұған дейін Дастан Мұхамедрахим WIBA Awards 2026 жеңімпаздарының қатарына енгенін хабарлаған болатын. Алайда марапаттау рәсімі енді өтті.