Блогердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, клиника уақытша жабылғаны айтылды
Қазақстандық блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан пластикалық хирургия клиникасында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаралы хабарды әлеуметтік желіде продюсер, әнші Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова бөлісті.
Ол Instagram парақшасында Саулені өзіне туған сіңлісіндей көргенін жазған. Алайда өлімнің нақты себебі мен оқиғаның жай-жапсарын ашып айтпады.
Қайғылы жағдай туралы не белгілі
HALYQSTAN Telegram-арнасының мәліметінше, редакцияға блогердің пластикалық хирургия клиникаларының бірінде қайтыс болғаны туралы хабарлама түскен. Онда әйелдің ота басталмай тұрып көз жұмғаны, ал оқиғадан кейін клиниканың уақытша жабылғаны айтылған.
Кейін журналистер 2GIS сервисіндегі пікірлерді байқап, онда кейбір қолданушылар әйелдің абдоминопластика кезінде қайтыс болғанын жазғанын анықтаған.
Әзірге өлімнің ресми себебі жарияланған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғап, клиника қызметін уақытша тоқтатқан.
Сонымен қатар HALYQSTAN журналистері медициналық орталықпен WhatsApp арқылы клиент ретінде хабарласқан. Дәрігердің ассистенті клиника қызметтерін ұсынуды жалғастырған.
Ал Сәуле Базарханның өліміне қатысты сұраққа клиника өкілі әзірге ресми пікір берілмейтінін айтқан.
Әлеуметтік желіде түрлі болжам айтылып жатыр
Қаралы хабар тарағаннан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Сәуле Базарханның Instagram-парақшасындағы жазбалардың астына пікір қалдыра бастаған. Пікір жазғандардың бірі блогердің жеке клиникаға барып, наркоздан кейін есін жимай қалғанын айтқан.
Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.