Ол жағдайды түсіндіріп, тараған қауесеттерді жоққа шығарды
Қазақстандық блогер Қайсар Хамза Қаржы мониторингі агенттігі оны іздеуге жариялағаннан кейін алғаш рет үн қатып, видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, ол қазір Вьетнамның Нячанг қаласында жүр және жақын уақытта елге оралуды жоспарлап отыр.
Блогер өзінің ұсталғаны және қамауға алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Оның сөзінше, көші-қон қызметі тек құжаттарды рәсімдеу үшін паспортын алып қойған, одан басқа ешқандай шара қолданылмаған. Яғни, қамауға алу фактісі болмағанын айтты.
Сондай-ақ Хамза қазіргі таңда экстрадиция мен сотқа қатысты мәселелердің реттеліп жатқанын жеткізді. Нақты мәліметтерді ашып айтпады, алайда оқырмандарынан қолдау көрсетіп, сәттілік тілеуді және дұға етуді сұрады. Әлеуметтік желіде көрінбей кеткен күндері бейжай қарамаған жандарға алғыс білдірді.
Бұған дейін Қайсар Хамзаға Қаржы мониторингі агенттігі халықаралық іздеу жариялағаны туралы ақпарат тарады. Іс Астана қаласында тіркелген. ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, блогер әлеуметтік желілерде онлайн-казиноны жарнамалайтын видеоларды жүйелі түрде жариялап, қолданушыларды құмар ойындарға тартқан.