Желідегілер әншінің сөзін айыптап жатыр
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Меруерт Түсіпбаева мен атыраулық кәсіпкер, блогер Заида Онуораның арасындағы сөз таласы ушығып кетті. Әнші блогерді «жалған ақпарат таратты» деп айыптаса, блогер өзіне полициядан хабарласқанын айтып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Меруерт Түсіпбаеваның блогердің видеосына «арықтау керек (худеть)» деп пікір қалдыруынан басталған. Заида Онуора оған бірден жауап беріп, әншіге өз ісімен айналысуға кеңес берген. Алайда, көп ұзамай блогер полициядан қоңырау түскенін мәлімдеді.
«Бүгін маған полициядан хабарласып, оның үстімнен арыз жазғанын айтты. Окей. Мені 9 жасымнан 16 жасыма дейін гормоналды препараттармен емдеді. Преднизолонды өте көп мөлшерде бергені және басқа да көптеген дәрілерді бергені есімде қалыпты. Соның салдарынан мен ес білгелі артық салмақпен күресіп келемін. Достар, біздің де үйімізде айна бар, біз мұны жақсы білеміз. Артық салмағы бар адамдар әрдайым өзімен күреседі. Шексіз диеталар ұстап, жаттығу да жасайды. Біреуге «арықта» немесе «сен семізсің» деп жазуға болмайды. Тіпті біз диванда жатып, тамақ жеп жатсақ да, сіздің шаруаңыз болмасын. Бұл сіз айналысатын шаруа емес», - деді Заида Онуора өз мәлімдемесінде.
Меруерт Түсіпбаева ешқандай арыз жазбағанын айтып, блогердің сөздерін жоққа шығарды. Әншінің айтуынша, Заида Онуора «хайп» жасау үшін жалған ақпарат таратып отыр.
«Мына әйел дәл осы сөзіне жауап берсін. Жалған ақпарат таратқаны үшін енді бәрі күрделенеді. Қалғанын адвокаттар шешеді. Алматы полициясы хабарласты дей ме? Қандай телефоннан? Аты-жөні кім? Қазір ешқандай құзырлы орган ешкімге хабарласпайды, бастараы екеу болса да. Хайпты керемет жасайды екен. Қайдағы полиция? Қайдағы сот? Дәлелдесін сөздерін! Сотқа шақырту келсе, желіге салсын. Қасақана жала жауып отыр», - деп жазды Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желіде.
Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Көпшілігі әншінің блогердің сырт келбетіне қатысты пікір білдіргенін құптамай, айыптап жатыр.