Актер Азамат Сатыбалды ауыр халде ауруханаға түсті

Автор: Алмас Ерсін

Актерге шұғыл операция жасалды

Фото: ©instagram.com/azamatc

Белгілі қазақстандық актер Азамат Сатыбалдының денсаулығы күрт нашарлап, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өнер иесінің айтуынша, кезекті спектакльден кейін өзін жайсыз сезінген, алайда жағдайдың мұншалықты күрделі боларын күтпеген.

«Спектакльге шыға алмай қаламын деп кім ойлаған. Көрермендерден кешірім сұраймын. 19-ы күні спектакль ойнап, үйге қайттым. Келесі күні Әуезов театрына шығуым керек еді. Түн ортасында қатты ауырсыну басталды. Өте қиын болды, ешқандай дәрі көмектеспеді. Таңғы төртке дейін шыдадым, бірақ жағдайым одан сайын нашарлады. Жедел жәрдем шақыруға тура келді. Дәрігерлер қарап, бірден шұғыл операция қажет екенін айтты», – деді актер.

Сатыбалдының сөзінше, жоспарланған қойылымына байланысты операцияны кейінге қалдыруды да сұрап көрген, бірақ дәрігерлер бірден ота жасау керектігін айтқан.

Сондай-ақ актер қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсіміне қатыса алмағанына өкініш білдірді.

«Мұхтар ағамен қоштаса алмағаныма қатты өкінішті. Ол менің сүйікті ақыным әрі көрнекті қоғам қайраткері еді. Алла оған жәннат нәсіп етсін», – деп жазды өнер иесі.