«Өте қиын адам, қалай тұрмысқа шықтым»: Мадина Сәдуақасова күйеуінің мінезі жайлы ашық айтты

Автор: Темірхан Айжан

Қазір олар бақытты отбасы, бір ұлдың ата-анасы

Фото: скриншот

Әнші Мадина Сәдуақасова күйеуінің көпшілік білмейтін қасиеттері туралы әзілдеп, көрерменді күлдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, шаңырақ көтерген алғашқы жылдары жары Олжастың мінезін мүлде қабылдай алмаған. Әнші көпшіл, еркін, ақжарқын болса, күйеуі керісінше көпшілікті ұнатпайды екен.

«Өзім жадырап, назарда жүргенді ұнататын адаммын, ал Олжас көпшілікті ұнатпайды. Әріптестеріміздің тойына баруға лимит қойылған. Жылына бірге 7 тойға барамыз. Үйленген соң көп дүниеде, тіпті бала тәрбиесінде де келіспей қалатынбыз. Ол өте сақ, бала үшін қатты қорқады. Ұлымыз Әнуар кішкентай кезінде мүлде сүрініп көрмеген. Өйткені әкесі бүкіл жиһазды мақтамен қаптап, жерге жастықтар қойып қоятын. Мен баланы «жығылып, құлап, өз бетімен өсуі керек» десем, ол баланы сәл нәрсе үшін МРТ-ға апаруға дайын тұратын. Бір күні ұлым ағашқа өрмелеп кетті, мен мәз болып қарап тұрмын. Оны көрген әкесінің жаны шығып кете жаздады. Жүгіріп келіп, баланы түсіріп, маған «неге қарамайсың, қазір құлайды ғой» деп жатыр. Кәдімгідей, жүрегі қысылып, қатты қорқып кетті. Сосын бұлай болмайды, баланы спортқа береміз дедім. Әнуар қазір баскетболмен айналысады, спорт шеберіне кандидат», - дейді әнші Динара Сәтжанның YouTube арнасындағы сұхбатында.

Мәдина Сәдуақасова мінез айырмашылығына қарамастан, жолдасымен арадағы түсіністікті қалай қалыптастырғанын бөлісті.

«Өте қиын адам екен, мына жігіт, қалай тұрмысқа шығып кеттім» деп ойлайтынмын. Бірақ уақыт өте келе бір нәрсеге көзім жетті, біз бір-бірімізді толықтыру үшін жолыққан екенбіз. Маған салса балаға қарап отырмаймын. Олжас ондай емес. Азық-түлікті де өзі алады. Қазір бір - бірімізді ыммен түсінеміз, көп сөйлесеміз. Біздің үйде идиллия орнаған», - деді ол.