«Өз қателігім»: әскерде жүрген кәріс актері мемлекетке 7 млрд теңгеге жуық салық төлейтін болды

Автор: Темірхан Айжан

Ол сонымен қатар өз жанкүйерлерінен кешірім сұрады 

Фото: @eunwo.o_c

«Шынайы сұлулық» (True Beauty) және «Каннам сұлуы» (My ID is Gangnam Beauty) телехикаялары арқылы қазақстандық көрерменге танылған Оңтүстік Корея жұлдызы Ча Ын У салық төлеуден жалтарды деген айыпқа қатысты алғаш рет жауап берді. Қазіргі уақытта әскерде жүрген актер мемлекет алдындағы барлық берешегін толық өтегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Yonhapnews жазғандай, биыл қаңтарда салық қызметі актердің табысын тексеріп, оған қосымша 20 миллиард вон, 13,6 млн АҚШ доллары, көлемінде табыс салығын есептеген болатын. Бұл жаңалық қоғамда үлкен резонанс тудырып, «танымал тұлға табысын жасырды ма?» деген сұрақты алға шығарды.

Даудың негізгі себебі, актердің өз анасы құрған компаниямен келісімшарт жасасуы еді. Салық органдары мұны «төмендетілген мөлшерлемемен салық төлеу үшін жасалған айла-шарғы» деп бағалаған, яғни, табыс тікелей актердің атына емес, салық жеңілдіктері бар фирма шотына түсіп отырған.

Ча Ын У әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлерінен кешірім сұрап, болған жағдайды мойнына алып, ер мінезділік көрсетті.

«Осы оқиғаның айналасындағы түсініспеушіліктің кесірінен жанкүйерлерімнің көңілін қалдырғаным үшін шын жүректен өкінемін. Мен құзырлы органның шешімін толықтай құрметтеймін және тиісті соманы түгел төледім», - деп жазды ол.

Ол анасының компаниясына қатысты мәселеге де нүкте қойды. Компания актердің болашағын жоспарлап, оның тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін құрылған.

 «Бұл жерде отбасымның немесе компанияның еш айыбы жоқ. Қаржылық мәселелерге тиісті деңгейде көңіл бөлмеген мен, бұл өз қателігім. «Білмедім» деп ақталмаймын, жауапкершілік тек менің мойнымда», - деді актер.