«Кейде орнымнан тұра алмай қаламын»: Қайрат Түнтеков отбасын неге жасыратынын айтты
Өнер иесі тіл-көзден сақтанып, отбасын ел назарынан тыс ұстайтынын жеткізді
Әнші Қайрат Түнтеков Qazaqstan арнасындағы1001 түн бағдарламасына берген сұхбатында жеке өмірі мен отбасы жайлы сауалға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сұхбат барысында өнер иесі отбасысы бар екенін жасырмай айтқанымен, оны көпшілік назарына шығаруға асықпайтынын жеткізді. Оның сөзінше, жеке өмірін ел көзінен таса ұстау – ой елегінен өткізіп барып қабылдаған шешім.
Қайрат Түнтеков мұның себебін тіл-көзге сенетінімен байланыстырды.
«Отбасым бар, Құдайға шүкір. Бірақ көрсете бермейтін шығармын. Себебі тіл-көз дегенге сенемін. Кейде өз басымыздан да түсініксіз жағдайлар өтіп жатады. Жалпы, халық алдына шығып, ән айтып келгеннен кейін жеңілдеп қаламын. Бірақ кейбір жерлерге барған соң, бойым әлсіреп, ауырып қалатын кездер болады. Бірде тіпті солай сырқаттанып, орнымнан тұра алмай қалған сәттерім де болған», – деді әнші.
Осылайша Қайрат Түнтеков отбасы мәселесін жария етпеуді жеке ұстанымы әрі саналы таңдауы екенін аңғартты.