Жұлдыздар жылы: 2025 жылдың есте қаларлық оқиғалары

Автор: Аягөз Құрмаш

Шоу-бизнестегі жаңалықтардан биыл қоғам назарын аударған жайттарға назар аудардық

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

2025 жыл қазақстандық шоу-бизнес үшін тыныш өткен жоқ. Жыл бойы ел назарын аударған жанжалдар, сот істері, қаржылық даулар мен қоғамдық резонанс тудырған мәлімдемелер бірінен соң бірі тіркелді. Танымал әртістер мен блогерлердің жеке өмірі, кәсіби қызметі және әлеуметтік желідегі әрекеттері қоғам талқысына түсіп, кейбірі тіпті құқықтық деңгейде қаралды. Осы материалда 2025 жылы қазақстандық шоу-бизнесте болған ең шулы әрі есте қалған нақты оқиғаларға тоқталамыз, деп жазады Azattyq Rýhy.

Салық дауы

Биыл блогерлер тығырыққа тірелді. Жыл басында мемлекеттік кірістер комитеті 594 блогерге табысты төмендетіп көрсеткені үшін хабарламалар жолдады. Анықталған айырмашылықтардың жалпы сомасы шамамен 53,3 млрд теңгені құрады. Әлеуметтік желілерде блогерлердің миллиардтаған қарызы бар деген ақпаратпен бейресми тізім тарай бастады. 2025 жылғы қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті ресми мәлімдеме жасап, ешқандай ресми тізім жарияланбағанын хабарлады.

Ақпан айының соңына қарай аталған тізімдегі 8 блогер қосымша түрде шамамен 1,2 млрд теңге көлемінде табысын декларациялағаны белгілі болды. Бұдан кейін Қазақстанда 2023 жылдың соңынан бастап инфлюенсерлерді жарнаманы міндетті түрде белгілеуге және одан салық төлеуге міндеттейтін заң күшіне енді. Ал 2024–2025 жылдары салық органдары түрлі дереккөздерден алынған мәліметтерді салыстыру арқылы блогерлердің табысын неғұрлым терең тексеру мүмкіндігіне ие болды.

Шәріп Серікке «кәнсіл»

2025 жылдың басында актер Шәріп Серік (Шәкенти) Қазақстандағы алғашқы ірі «мәдени бойкот» (cancel culture) мысалына айналды. Себебі Шахерезада Сапарбаева есімді қыз актерді жүйелі түрде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетті деп айыптады.

Бойжеткеннің ашық мәлімдемесінен кейін актердің мансабында ауыр салдардан болды: 

  • Salem Entertainment компаниясы актермен барлық келісімшарттарын тоқтатты;
  • «Патруль: Соңғы бұйрық» фильмінен актер толық алынды;
  • 2025 жылдың қарашасында «Қазақтың қорқынышты ертегілері» сериалында актердің бет-бейнесі бұлыңғырланып, дауысы басқа актерге ауыстырылды

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды актер индустриядан толық «өшті» деп бағалады. Бұл Қазақстанда «кәнсіл» мәдениетінің бар екеніне алғашқы ірі мысал болды.

Блогерлердің соты

2025 жылы қазақстандық шоу-бизнес пен әлеуметтік желі кеңістігінде резонанс тудырған істердің бірі – блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты дау болды. Олар ұйымдастырған ірі онлайн-гивтерге (жүлделі ұтыс ойындарына) байланысты қатысушылар тарапынан наразылық көбейіп, іс құқықтық деңгейге көшті.

Азаматтардың айтуынша, конкурс шарттары толық орындалмаған, жүлделер әділ таратылмаған немесе мүлде берілмеген. Осыған байланысты ондаған адам құқық қорғау органдарына арыз түсірген. 2025 жылдың тамыз айында аталған іс ресми түрде сотқа жолданып, блогерлерге қатысты алаяқтық белгілері бойынша тергеу жүргізілді.

Әкімшілік іс сотта қаралып, ондағы әрекеттерде қылмыстың нышандары бар екені анықталып, іс қылмыстық іс болып қайта қаралмақ.

Абай Бегейдің қызы

2025 жылдың маусым айында Ақтауда блогер Гүлеркем Ниязқұлова мен оның жұбайына қатысты заңсыз онлайн-лотереялар ұйымдастырды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды.

  • Айып: лицензиясыз автокөлік пен пәтер ұтыс ойындарын өткізу
  • Мемлекетке келген шығын: 162 миллион теңге
  • Нәтиже: 2025 жылдың қарашасында іс тоқтап қалды (алдын ала мәлімет бойынша залалды өтеу немесе амнистияға байланысты)

Сондай-ақ сәуір айында Гүлеркем Ниязқұлова Ақтауда құны миллиардтаған теңгеге бағаланған тойхана-ресторан кешенін ашқанын хабарлап, тағы да қоғам назарын өзіне аударды.

Тұрсынбектің «тоқалы»

2025 жылдың қараша айында белгілі шоумен Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы, продюсер Мөлдір Мұқанова ашық сұхбат беріп, 14 жылға созылған ауыр ажырасу процесі мен өнер иесінің опасыздығы туралы айтты. Бұл сұхбат қоғамда үлкен резонанс тудырып, әзілкештің көп жыл қалыптасқан «үлгілі отбасы» бейнесін түбегейлі өзгертті. Продюсер әзілкеш өз отбасынан басқа әйелге түбегейлі кеткенін айтты. Тіпті балаларымен де араласпайтынын жеткізді. Әлеуметтік желіде Тұрсынбектің тоқалы атағына ие болған 32 жастағы Айман болып шықты. Қазір ол өз парақшасын белсенді жүргізеді. Биыл Тұрсынбек үшін оңай жыл емес сияқты. Ол денсаулығымен де сыналды. Басында қан ұйып, жартя бөлігін отамен алдыртуға мәжбүр болды.

Осы жылы Тұрсынбек Қабатов тағы бір даулы оқиғаға байланысты назарға іліккен еді. Ол Алматы-Астана бағытындағы әуе рейсінде мас күйінде тәртіп бұзып, ұшақ ішінде жанжал шығарғаны үшін ұсақ бұзақылық бабымен 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сәбилі болған жұлдыздар

2025 жылы қазақстандық шоу-бизнесте нағыз бэби-бум болды. Алғаш рет ата-ана атанғандар қатарында Кәмшат Жолдыбаева мен Ғазрет Ержанов, Ермек Шынболатов, Аружан Жазылбекова бар.

Ал көпбалалы атанған жұлдыздар да аз емес: Тәуекел мен Махаббат Мүсілім үшінші сәбиін қолдарына ұстаса, Бүркіт пен Аиша төртінші, Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдукаримова бесінші рет ата-ана болды. Сондай-ақ Ерке Есмахан мен RaiM, Еркебұлан Мырзабек, Дидар Қаден, Назым Әбілдина, Айқын мен Жұлдыз Өмірғали, Айжұлдыз Адайбекова мен Сәкен Қағаров, Ayree, Заңғар Нұртас сынды өнер өкілдерінің шаңырағында да нәресте шыр етіп, жыл қуанышқа толы болды. Сондай-ақ  блогер Елдос Колобоктің шаңырағында сәбидің үні шықты.

Димаштың прайм эрасы

2025 жыл Димаш үшін сахнадан тысқары да маңызды оқиғаларға толы болды: «Stranger» турын аяқтау: Желтоқсан айында әнші өз масштабты әлемдік турын ресми түрде аяқтады. Тур барысында ол Нью-Йорк пен Мехикодың аңызға айналған ареналарында, сондай-ақ Берлин, Барселона және Ригада өнер көрсетті.

Пирамидалардың алдында тарихи шоу: Желтоқсанда Димаш алғаш рет Мысырдағы ұлы пирамидалардың етегінде концерт берді.

Жаңа атақ: музыкалық қызметінен бөлек, өнер иесі сахнамен байланысты емес ресми атаққа ие болды  ол Халықаралық көші-қон ұйымының ғаламдық елшісі атанды.