Билікке барып «тастап» кеткен достарым бар – Ермек Тұрсынов
Абайдың 45 сұрағына белгілі режиссер, жазушы Ермек Тұрсынов жауап берді
Режиссер өзі тереңінен қозғап жүрген қазақтың қазіргі жай-күйі туралы толғаныстарын қысқа да нұсқа жеткізді. Ұлттың үш «комплексін» атады. Қой мен қасқырдың адамнан несімен артық екенін түсіндірді. Қазақстанның пайдасыз өткен жылдарына тоқталды.
- Ермек Кәрімжанұлы, сұхбатқа келіскеніңізге рақмет. Бірден бастайын. Тұрсынов өзін тапты ма?
- Жоқ, әлі тапқан жоқ. іздеп жүр.
- Тұрсынов қайда тұрғанда өзін жайлы сезінеді?
- Өз жерінде. Мен әлемді екі рет айналып келгенмін. Америкада тұрғанда «грин карта» берді. Еуропада тұрғанда азаматтықты да берген. Айналып, бәрібір қайтып келеді екенсің. Ауылды сағынам.
- Жерұйықты таптыңыз ба?
- Оны да іздеп жүрмін.
- Қазақ болып тумағанда не етер едіңіз?
- Ойламаппын. Оны менен ешкім сұраған жоқ қой «кім болып туасың?» деп. Білмеймін.
- Бақытты болу ұлтқа байланысты ма?
- Қазақ болып тусаң саған 50% бере қояды дейсің бе? Жоқ, адамның өзіне байланысты.
- Қазақстанда туып, қазақстанда өлудің қандай артықшылығы бар?
- Арман ғой бұл...
- Қандай кемшілігі бар?
- Өз еліңде туып, өз еліңде өлсең, одан өткен арман жоқ.
- Аңқау елге арамза молда, бізді адастырып жүрген кімдер?
- Әр түрлі саудагерлер. Саудагерлер деген – өз пайдасын, қу басын ойлап, арын сатып, елін сатып жүргендер.
- Жемқорлық ауру ма?
- Жемқорлық – ауру емес, дәстүр. Біз оны бұрын достықпен, туыстықпен шатастыратынбыз.
- Қартайғанда қандай шал болғыңыз келеді?
- Шаршамаған шал болсам деймін.
- Көбіне ағысқа кері жүзесіз. Қартайғанда қырсық шал болам деп қорықпайсыз ба?
- Достарым да солай айтады. Мінезімді біледі ғой...
- Жеке адамның жетістігін ұлттың жетістігі деп қарау қандай мемлекетке тән?
- Меніңше, дұрыс емес. Жеке бір тұлға өзі үлкен жетістікке жетіп жатса, ол ұлтқа байланысты емес. Бірақ Головкин жеңіске жетіп жатса, мәз боп қаламыз ғой.
- Тойхана көп салынғаны жақсы ма, мешіт көп салынғаны жақсы ма?
- Мешіттен шығып олар тойханаға барады ғой. Меніңше, мәдениет орталықтарын салу керек.
- «Елде рухани лидер жоқ» дегенді айтасыз, сізге лидер болуға кім кедергі?
- Жоқ, мен шалдар көп те, ақсақалдар жоқ деп айтқанмын. Ақсақал деген тек жасы үлкен адам емес қой. Ол үлкен ұғым.
- Халық мемлекетті неге сыйламайды?
- Мемлекет халықты сыйламай отыр ғой. Кейбір жеке пенделер. Халық өкілдері – ол ұстаз, дәрігер, заңгер. Осы үшеуін егер мемлекет сыйламаса, халықты қалай сыйлайды?
- Қазақтың үш комплексі?
- Үш емес, одан көп шығар. Надандық, мақтаншақтық, қызғаншақтық, еліктеушілік. Өз-өзімізді жоғалтып алдық.
- Қазақты не үшін жақсы көруге болады?
- Ақкөңіл, дарылдақ, қонақшыл халық.
- Киноңызда қой мен қасқыр көп. Олардың адамнан қай қасиеті артық?
- Олар өз табиғатын алдамайды.
- Мүмкіндік болса кімді шайға шақыратын едіңіз?
- Егер менен көбірек білетін, көп көрген адамды тапсам, соны шақыратын едім.
- Биліктегі досыңыз кім?
- Мәулен Әшімбаев, Ерлан Қарин. Олар билікте болмаған кезде де достасып жүрдік Айта берсең көп. Қазір біреуін атамасаң ренжіп қалады.
- Ал билікке барып сізді тастап кеткен досыңыз бар ма?
- Бар. Бірақ атын айтпаймын.
- Сіздің пессимистік мақалаларыңызды оқығандар елден безіп кеткісі келеді. Оларға не айтасыз?
- Дос жылатып айтады.
- Астанадағы кинофестивальде ең көп ішкен қазақ режиссерлері деп әзілдедіңіз. Достарыңыз алькогольге жақын ба?
- Бар біраз. Ал маған жақпайды. Мен мына мінезіммен ішсем қырғын болады ғой.
- Ақылды болып көрінуге тырысатындарды ақылдылардан қалай ажыратамыз?
- Ол бірден көрініп тұрады ғой.
- Ақымақ болып көрінуден қорқасыз ба?
- Қорықпаймын.
- Ұлттық кеңес құрамында оған лайықты емес адамдар барма?
- Бар. Аттарын атамаймын.
- «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Осы сөз сіз туралы ма?
- Бұл ұлы тұлғаларға арналған сөз шығар. Мен өзімді олай деп есептемеймін.
- Кей адамдар сіз секілді консерваторлар барда, алға жылжымаймыз дейді. Келісесіз бе?
- Мен өзімді консерватор деп есептемеймін.
- «Forbes» -тың мұқабасына алғаш шыққан қазақ сіз. Ал Форбс тізіміне кіретін жағдайыңыз болды ме?
- Әлі болған жоқ.
- Досыңыз Тимур Бекмамбетовтың меншігінде Уолттың Диснейдің үйі бар. Сізде ондай жағдай бар ма?
- Егер менде соншама ақша болса, Уолт Диснейдің үйіне қызықпайтын едім. Басқаға жұмсайтын едім.
- Сонда сізде не бар?
-Отаным бар, халқым бар, жерім бар.
- Байлықты пайдалану үшін ақыл керек пе?
- Жоқ. Ақыл басқаға керек.
- Қазақстанға ең қажетсіз болған, бірақ өткізген іс-шара?
- Осы 28 жылдың жартысы.
- Қазақстанға ең қажетті болған, бірақ өтпей қалған шара?
- Мәдениетімізден айырылып қалдық.
- Америкалық идеология сізге қаншалықты жұқты?
-Жұққан жоқ.
- Жапондардан не үйренуге болады?
- Отанды, елді сүюді.
- Мысыр халқынан ше?
- Тарихты сүюді.
- Оскар жүлдесін алсам, қандай сөз сөйлеймін деп дайындалып едіңіз?
- Баяғы сол дәстүрлі сөздер. Оскарды алмағаным жақсы болды.
- Қазақ кімнің аяқ киімін тазалап жүр?
- Қазақтың қазір өз аяқ киімін тазалауға мұршасы жетпей жүр ғой.
- Сіз арманыңызды сатпадым деп айта аласыз ба?
- Айта алам.
- Қандай еді арманыңыз?
- Велосипед алу.
- Балаларыңызбен Құдай туралы сөйлесесіз бе?
- Әлі сөйлескен жоқпын.
- Олардың дін мәселесінде сізбен келісуі принципиалды ма?
- Бұл әңгімені мен кейінге қалдырып жүрмін.
- Халық көнеден сұрайды, қайық кемеден сұрайды. Сіз кімнен сұрайсыз?
- Өзімнен сұраймын
- Рақмет. Жолыңыз болсын!
Сұхбаттасқан - Абай Сейфулла