Заңсыз келгендер 20 жылдан кейін ғана ықтиярхатқа өтініш бере алады
Ұлыбритания үкіметі босқындарға баспана беру тәртібін түбегейлі қайта қарайды. Дания моделіне негізделген реформа мигранттарға қойылатын талаптарды күшейтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрі Шабана Махмудтың мәліметінше, елге заңсыз кіргендер тұрақты тұруға өтінішті 20 жыл өткен соң ғана бере алады. Ал заңды жолмен келген босқындар 10 жылдан кейін өтініш беруге құқылы. Босқын мәртебесі әр 2,5 жыл сайын тексеріліп тұрады. Қауіпсіз деп танылған елдерден келгендер депортацияланады.
Биыл Ла-Манш арқылы қайықпен жүзіп келгендер саны 32 мыңнан асқан, ондаған адам жолда қайтыс болған.
Реформа аясында еңбекке қабілетті мигранттарға көрсетілетін қаржылай көмек қысқармақ. Үкімет қолдауды елге экономикалық және әлеуметтік пайда әкелуге ниетті адамдарға бағыттауды жоспарлап отыр.
Ұлыбритания Дания тәжірибесіне сүйеніп, босқындарға уақытша баспана береді, елі қауіпсіз деп танылған мигранттарды кері қайтарады. Елде босқындарға қарсы көңіл-күй күшейіп барады. Үкімет қаржыландыратын қонақүйлер алдында наразылық акциялары жиі өтеді.