Қар көшкіні оларды жыраның төменгі бөлігіне алып кеткен
Италияның солтүстігінде қар көшкіні германиялық бес альпинистің өмірін қиды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
The Guardian газетінің мәліметінше үш адамның – екі ер адам мен бір әйелдің денесі 2025 жылдың 1 қарашасында табылды, тағы екі адамның – әкесі мен оның 17 жастағы қызының денесі 2 қарашада таңертең табылды.
Құтқару қызметінің өкілі Федерико Катанияның айтуынша, қар көшкіні оларды жыраның төменгі бөлігіне алып кеткен.
«Қайғылы оқиға сенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00 шамасында Ортлес тауларының Чима Вертана аймағында 3500 метрден астам биіктікке өрмелеу кезінде болды. Альпинистер неліктен кешкі уақытта тауға шығуды тоқтатпағаны әзірге белгісіз», - деп жазды басылым.
Алдын ала мәлімет бойынша альпинистер үш топқа бөлініп жүрген. Екі ер адам аман қалды, олар Больцанодағы ауруханаға тікұшақпен жеткізілді.
Трагедия болған Оңтүстік Тироль – неміс туристері үшін танымал орын. Аймақтың ең биік шыңы – Ортлес (3905 м).
Италия Альпілерінде қар көшкіні әлі де тұрақты проблема болып қалып отыр: кейінгі онжылдықта ел өлім-жітімнен әлемде көшбасшылардың қатарында болды. Мамандардың айтуынша, ски-альпинизм мен фрирайдтың танымалдығы артқан сайын жазатайым оқиғалардың саны да көбейіп келеді.