БҰҰ бразилиялық полицияның әрекеттерін айыптады
Рио-де-Жанейроның солтүстігіндегі фавелаларда есірткі саудасымен айналысатын топқа қарсы жүргізілген ірі полицейлік операция кезінде 132 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.
«Тежеу» деп аталған операция бір тәуліктен астам уақытқа созылып, негізінен Алеман және Пенья аймақтарын қамтыды. Бразилия ақпарат құралдарының хабарлауынша, жергілікті тұрғындар алаңдардың біріне кемінде 70 адамның денесін шығарған. Олар марқұмдардың бейбіт тұрғындар екенін айтады, алайда ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасы бразилиялық полицияның әрекеттерін айыптап, оқиғаны «шұғыл және әділ тергеуді» талап етті.
Куәгерлердің айтуынша, фавелалардың қазіргі көрінісі құдды соғыс болғандай. Полиция қылмыстық топтар ондаған жыл бойы Рионың кедей аудандарын бақылауда ұстап келгенін айтады.
Штат губернаторы Клаудио Кастро операция барысында төрт полицей қаза тауып, жүзден астам адам ұсталғанын мәлімдеген. Олардың қатарында қылмыстық топтың басшысы да бар. Рио полициясы бұл жолғы рейдті соңғы жылдардағы ең ауқымды операция деп атады. Арнайы бөлім қызметкерлері 200 килограмнан астам есірткі мен ондаған атыс қаруын тәркіледі. Операцияға азаматтық және әскери полиция қатысты. Кастроның сөзінше, шабуыл екі ай бойы жоспарланып, барлау деректері негізінде жүргізілген.Куәгерлердің айтуынша, бандалар полицияға дроннан жарылғыш зат тастаған, ал көшелерде өртелген автобустар мен көліктерден баррикадалар тұрғызылған.
БАҚ мәліметінше, губернатор Кастро алдағы сайлауға дайындалып, қылмыспен күрес арқылы саяси беделін арттырғысы келеді. Сонымен қатар мұндай ірі операциялар әдетте елде ірі халықаралық шаралар қарсаңында өткізіледі. Қараша айында Бразилияның солтүстігіндегі Белем қаласында БҰҰ-ның COP30 климаттық саммиті өтеді.