Израиль әскері «қауіпті жою үшін» әуе соққысымен және артиллериямен жауап қайтарған
Израиль қорғаныс әскері Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласына соққы берді. Соққы ХАМАС ЦАХАЛ-ды танкке қарсы зымыранмен атқылағаннан кейін жасалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW-ге сілтеме жасап.
Израиль қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) ХАМАС лаңкестік тобын атысты тоқтату келісімін бұзды деп айыптап, Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах аумағында ұйымның инфрақұрылымына жауап соққысын жасағанын растады.
«Бүгін, жексенбі күні таңертең лаңкестер танкке қарсы зымырандармен атқылап, ЦАХАЛ күштеріне оқ жаудырды», - деп хабарлады ЦАХАЛ өзінің Telegram каналында.
Израиль әскері «қауіпті жою үшін» әуе соққысымен және артиллериямен жауап қайтарған.
«Бұл атысты тоқтату туралы келісімді өрескел бұзу болып есептеледі және ЦАХАЛ батыл шаралар қабылдайды», - деп толықтырды Израиль әскері.
DPA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ХАМАС-тың жоғары лауазымды шенеунігі атысты тоқтату келісімін бұзды деген айыптауды жоққа шығарды. Өз мәлімдемесінде ол құқық бұзушылық үшін Израильді айыптап, ЦАХАЛ «ойдан шығарылған сылтау» қолданды деп мәлімдеді.
ХАМАС-пен байланысы бар ақпарат құралдары содырлардың Рафахтағы әскери операциясы Израильге емес, сол аймақта әрекет етіп жатқан басқа топтың басшысына қарсы бағытталғанын алға тартты, деп жазды The Times of Israel.
Газа секторындағы соғысты тоқтату туралы келісім 10 қазанда күшіне енді. Израиль армиясы соғысты тоқтатып, әскерін шығарды, ал ХАМАС барлық аман қалған тұтқынды босатып, айырбас ретінде қаза тапқандардың денелерін бере бастады.