Ірі акция 2700 қалада өткен
АҚШ-та Дональд Трамптың саясатына қарсы No Kings атты ауқымды наразылық акцияларына шамамен 7 миллион адам қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy РИА Новости деректеріне сілтеме жасап.
19 қазанда өткен бұл демонстрациялар АҚШ тарихындағы ең ауқымды біркүндік ұлттық наразылықтардың бірі болды.
Акциялар 2700-ден астам қала мен елді мекенде өтті. Жалпы қатысушылар саны шамамен 7 миллион адамға жетті. Бұл көрсеткіш маусым айындағы алғашқы наразылықтардан 2 миллион адамға көп.
Чикагодағы орталық шеруді ұйымдастырған Indivisible Chicago Alliance ұйымының мәліметінше, қала көшелеріне 250 мыңға жуық адам жиналған.
Барлық штат пен Вашингтонда өткен бұл шерулер «No Kings» («Патшаларға жол жоқ») ұранымен өтті.
Алғашқы митингілер биыл 14 маусымда, Трамптың 79 жасқа толған күні мен әскери парад күніне орай ұйымдастырылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның мақсаты — Трамп әкімшілігінің билікке жеке меншіктей қарауына және демократиялық институттарға қысым көрсетуіне қарсы наразылық білдіру.
Наразылықтарға дейін Fox News арнасына берген сұхбатында Дональд Трамп өзін «патша» деп есептемейтінін айтты.
«Мен өзімді патша ретінде көрмеймін. Мен – халықтың президентімін», – деді ол.