АҚШ президенті соғысты Tomahawk зымырандарын қолданбай аяқтауға үміттенетінін айтты
АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні Украина президенті Владимир Зеленскийді Ақ үйде қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап.
Кездесуде талқыланған басты тақырыптардың бірі – Киевке алыс қашықтыққа ұшатын Tomahawk қанатты зымырандарын сату мүмкіндігі болды. Украина тарапының айтуынша, бұл қару елге Ресей агрессиясына қарсы тұру үшін аса қажет.
«Украинаға Tomahawk пен өзге де қару түрлері керек. Бұл үшін Еуроодақ төлеп отыр. Бірақ біз соғысты тоқтатқымыз келеді», – деді Дональд Трамп.
Сонымен бірге АҚШ президенті соғысты Tomahawk зымырандарын қолданбай аяқтауға үміттенетінін айтты. Оның пікірінше, Ресей президенті Владимир Путин де соғысты тоқтатуға мүдделі болуы мүмкін.
«Менің ойымша, президент Путин бұл соғыстың аяқталғанын қалайды», – деді Трамп Зеленскиймен кездесудің алдында журналистерге.
Зеленский бұл пікірмен келіспегенімен, Газа секторындағы атысты тоқтату оқиғасынан кейін Трамптың Ресейге қарсы соғысты тоқтатуға көмектесетін ұмтылыс алғанын атап өтті.
Осыған дейін Дональд Трамп Владимир Путинмен келіссөздерден кейін Будапеште кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Жұма күні ол бұл кездесудің «қос тарапты» болуы мүмкін екенін, яғни Зеленскиймен де байланыс орнатылатынын айтты.
«Зеленский байланыста болады», – деді Трамп, бірақ кездесудің нақты форматын түсіндірген жоқ.
АҚШ президенті адам өмірін сақтауды басты міндеті деп атап, өз саяси қызметінде бірнеше халықаралық дағдарысты бейбіт жолмен шешкенін айтты. Оның сөзінше, Украинадағы соғысты тоқтату оның бейбітшілік орнатудағы тоғызыншы жетістігі болуы мүмкін.