Трамп Газаның жайлап қалпына келтірілетінін айтты
Израиль үкіметі Газа секторындағы атысты тоқтату келісімін бекітті. Құжатқа сәйкес, ХАМАС кепілде ұстап отырған тұтқындарды босатады, ал Израиль әскері анклавтан шығарылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху нәтижелі мәміле үшін АҚШ президенті Дональд Трампқа алғысын білдірді.
Трамп тұтқындардың «дүйсенбі немесе сейсенбі» күні босатылуы мүмкін екенін айтты. Келісімшартқа сәйкес, Израиль өмір бойына бас бостандығынан айырылған 250 тұтқын мен 7 қазан 2023 жылғы шабуылға қатысы жоқ 1 700 газалық тұрғынды босатуы тиіс. Сонымен қатар, Израиль ХАМАС-қа 360 адамның мәйітін қайтарады. Осыдан кейін ХАМАС кепілде отырғандарды 72 сағат ішінде босатып, қайтыс болғандардың мәйітін қайтаруы керек. Израильдің бағалауы бойынша, тұтқындағы 48 адамның 20-сы тірі.
Атысты тоқтату туралы келісім күшіне енген соң Израиль армиясы Газаның шамамен 53%-ын бақылауға алады.
Израиль министрі Гидеон Саар егер ХАМАС барлық шартты орындаса, қарсы шабуылдың болмайтынын айтты. Дональд Трамп Газаның жайлап қалпына келтірілетінін атап өтті. Өз кезегінде кейбір мұсылман мемлекеттері анклавты қалпына келтіруге көмектесуге дайын екенін жеткізді.