Тайфуннан кейін жер сілкінді: Филиппинде кемінде 69 адам опат болды

Автор: Темірхан Айжан

Жер сілкінісі кезінде баскетбол ойнап жатқан 20 адам ауруханаға түскен 

Фото: Anadolu via Getty Images

Филиппиннің орталық бөлігінде магнитудасы 6,9 балдық жер сілкінісінен кемінде 69 адам көз жұмып, ондаған адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.

Ең қатты зардап шеккен Себу провинциясында төтенше жағдай жарияланған.

Мыңдаған тұрғын жер дүмпуінің қайталануынан қорқып, түні бойы далада жүрген. Электр жарығы сөніп, су беру жүйелері істен шыққан. Жергілікті билік зардап шеккендерге көмектесуге медицина мамандары мен еріктілер жұмылдырылған.

Қаза тапқандардың көбі эпицентрге жақын орналасқан Бого қаласының тұрғындары. Онда көше госпитальдары құрылды, мәйіттер уақытша көшелерге қойылған. Жол мен көпірлер қирап, құтқару жұмыстары қиындаған.

Жер сілкінісі болардан бір апта бұрын елге екі қайтара тайфун соғып өткен еді. Қазіргі уақытта билік іздестіру-құтқару шараларымен айналысып, электр жүйесін қалпына келтіру және гуманитарлық көмек жеткізу жұмыстарын атқарып жатыр.