Өткен жылы Ұлыбритания АҚШ-қа 6 млрд доллардан астам фармацевтикалық өнім экспорттаған
АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа тарифтік шараларды жариялады. Оның айтуынша, 1 қазаннан бастап елге келетін фирмалық немесе патенттелген дәрілерге 100% кедендік баж салығы салынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.
Бұл талап тек АҚШ аумағында зауыт салмаған компанияларға қатысты болмақ.
Сонымен қатар Вашингтон ауыр жүк көліктеріне 25%, ас үй мен жуынатын бөлме шкафтарына 50%, ал келесі аптадан бастап жұмсақ жиһазға 30% баж салығын енгізбек. Президент бұл шараларды «шетелдік тауарлар ағымының артуымен» түсіндіріп, америкалық өндірушілерді қорғау қажеттігін алға тартты.
Жаңа тарифтер Ұлыбритания, Ирландия, Германия, Швейцария және Жапония секілді ірі фармацевтикалық өндірушілерге қатысты болуы мүмкін.
Ирландияның сауда министрі Саймон Харрис ЕО мен АҚШ арасындағы келісімге сәйкес, ЕО-дан әкелінетін дәрілерге салынатын кез келген баж салығы 15%-дан аспайтынын айтты.
Ұлыбритания үкіметі Трамптың шешіміне алаңдаушылық танытты. БҰҰ мәліметіне сәйкес, өткен жылы Ұлыбритания АҚШ-қа 6 млрд доллардан астам фармацевтикалық өнім экспорттаған.
АҚШ Сауда палатасы Трамптың шешімін сынап, жүк көліктерінің бөлшектері негізінен Мексика мен Канададан әкелінетінін, бұл елдер Вашингтонның басты одақтастары екенін атап өтті. Сарапшылардың айтуынша, импортқа тәуелділік өндіріс шығындарын өсіріп, көлік бағасын қымбаттатуы мүмкін. Трамптың тарифтік саясаты оның екінші президенттік мерзіміндегі негізгі экономикалық бағытына айналып отыр. Бұған дейін ол болат, мыс, алюминий және автокөлік бөлшектеріне де баж салығын енгізген еді.