Тарихтағы ең ірі келісім: АҚШ Қазақстанға 300 локомотив жасап береді

Автор: Темірхан Айжан

Бұл туралы Трамп желіде сүйінші сұрады 

Фото: @howardlutnick

АҚШ пен Қазақстан дүйсенбі күні 4,2 млрд доллар көлемінде локомотив жеткізу туралы келісімге қол қойды. Пенсильванияда орналасқан Wabtec компаниясы алдағы он жыл ішінде Қазақстанның ұлттық теміржол компаниясы – «Қазақстан Темір Жолы» (ҚТЖ) үшін Evolution Series ES44Aci сериясындағы 300 ауыр локомотив жинағын өндіреді. Бұл туралы  АҚШ Сауда министрлігі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлескеннен кейін келісім туралы айтты.

«Тарихтағы ең ірі теміржол жабдықтарын жеткізу келісіміне қол қойылды, ол құны 4 млрд доллар тұратын АҚШ-та жасалған локомотивтер мен теміржол техникасы. АҚШ-тың теміржол саласын қолдауымыз қажет. Ол жылдар бойы жалған экобелсенділердің шабуылына ұшырап келді. Президент Тоқаевты бұл керемет мәмілемен құттықтаймын», - деп жазды Трамп Truth Social парақшасында.

АҚШ Сауда министрі Ховард Лютник мұны «локомотивтер бойынша тарихтағы ең ірі келісім» деп атап, оны «елдің ең маңызды салаларының біріне қуатты серпін беретінін» айтты.

«Мәміле Техас пен Пенсильваниядағы мыңдаған жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қадам АҚШ пен Қазақстан арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтереді. Жеткізілетін локомотивтер Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік дәлізін дамытуға серпін беріп, Орта дәлізді нығайтады», - деді ол.