Z буынының өкілдері көтеріліске бастамашы болды
Непалда жаппай халықтық толқулар болып, ел үкіметі құлады. Билікке сыбайлас жемқорлық айыптары тағылған болатын, деп жазады Azattyq Rýhy.
Наразылықтың негізгі күші – Z буынының өкілдері. Жастар елдің дәстүрлі саяси жүйесіне наразылық білдіріп, жаңа лидерді қажет ететінін ашық айтты.
2008 жылы монархия жойылып, жаңа конституция қабылданғаннан бері Непалда үш ірі партиядан 14 үкімет ауысты.
Қауіпсіздік күштерінің қатаң әрекеті кезінде кемінде 72 адам қаза тапты. Бұл жағдай жастардың саяси институттарға деген сенімін одан әрі әлсіретті. Олар шамамен 30 миллион халқы бар елді саяси хаостан шығарып, жемқорлық пен кландық жүйені жоя алатын жаңа басшыны талап етті.
Жаңа премьерді таңдау бұрын-соңды болмаған әдіспен өтті – Discord платформасында виртуалды дауыс беру ұйымдастырылды. Бұл онлайн-дебатты наразылықтарды үйлестірген Hami Nepal тобы өткізді.
Қозғалыстың 160 мыңнан астам қатысушысы бар.
«Жастар – жемқорлыққа қарсы» арнасындағы пікірталасқа 10 мыңнан астам адам қосылып, тағы 6 мыңға жуық көрермен YouTube арқылы тікелей эфирден бақылаған.