Қырғызстанның экс-президенті Алмасбек Атамбаев баспанасынан айырылды

Автор: Темірхан Айжан

Отбасы мүшелері мұны заңсыз деп санайды 

Фото «АКИпресс»

Қырғызстанның экс-президенті Алмасбек Атамбаевтың резиденциясынан оның отбасын қуып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Жергілікті басылымның жазуынша, полиция қызметкерлері Қой-Таш ауылындағы үйден отбасы мүшелерін күштеп шығарылған. Кейін үйдегі барлық мүлікті арнайы контейнерге тиеп, алып кеткен. Атамбаевтың қызы Әлия Шағиеваның айтуынша, олардың заттарын далаға шығарып, жаңбырдың астына тастаған. Отбасы мүшелері бұл әрекетті заңсыз санайтынын жеткізді. Себебі әлі сот процесі аяқталған жоқ.

Бұрынғы президенттің ұлы Қадырбек Атамбаев отбасының уақытша туыстарының үйін паналағанын айтты.

Айта кетейік, Қой-Таштағы бұрынғы президенттің үйі орналасқан жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған. Сот шешімі бойынша оған іргелес аумақ та мемлекетке өткен.

Мемлекеттік мүлікті басқару агенттігінің директоры Тимур Малбашев мұнда заманауи қарттар үйі мен 500 орындық жаңа балабақша салу жоспарланғанын айтқан еді.

Бұрынғы президенттің жары Раиса Атамбаева мемлекет басшысы Садыр Жапаровқа үндеу жолдап, бұл үйді отбасына қалдыру туралы берген уәдесін еске салды.