Қаза тапқандар мен жараланғандар саны артты
Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) әуе соққылары салдарынан Йеменде қаза тапқандар саны 35 адамға жетті, тағы 131 адам жараланды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бұл ақпаратты хуситтер құрған үкіметтің Денсаулық сақтау министрлігі Al Masirah телеарнасына хабарлады.
«Израильдің Сана қаласы мен Эль-Джауф провинциясына жасаған әуе шабуылдары салдарынан 35 адам қаза тауып, 131 адам жарақат алды», – делінген хабарламада.
Алғашқы деректерге сәйкес, Сана қаласындағы хуситтердің қорғаныс министрлігі кешеніне жасалған соққы салдарынан бірнеше адамның қаза тапқаны айтылды. Al Hadath телеарнасы бейресми дереккөздерге сілтеме жасап, құрбандар бар екенін жеткізді.
Хуситтерге тиесілі Saba агенттігі де шығындарды растады. Агенттік мәліметінше, соққы хуситтердің Қорғаныс министрлігіндегі моральдық-психологиялық дайындық департаментіне бағытталған.
Ресми ақпаратта қаза тапқандар саны 9 адам, жараланғандар саны 118 адам деп көрсетілген болатын.
Йемен астанасы Санада және Эль-Джауф провинциясында болған бұл әуе шабуылдары аймақтағы әскери-саяси шиеленістің күшейіп отырғанын айғақтайды. Қаза тапқандар санының артуы қақтығыстың салдары одан әрі ауырлай түскенін көрсетеді.