Израиль әскері Газа қаласының 40% аумағын бақылауға алды – ресми мәлімдеме
Олар ХАМАС қозғалысына қысымды арттырмақ

Израиль Қорғаныс армиясының өкілі, бригадир генерал Эфи Дефриннің айтуынша, әскерилер Газа қаласының 40% аумағын бақылауға алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгінде біз Газа қаласының 40 пайызын ұстап тұрмыз. Алдағы күндері операция кеңейіп, күшейтіледі», – деді генерал.
Израиль тарапының мәліметінше, негізгі мақсат – ХАМАС радикалды қозғалысының қарулы жасақтарына қысымды күшейту.
«Біз ХАМАС-қа қысымды арттыра береміз. Ол толық жеңіліске ұшырағанға дейін тоқтамаймыз. Оларды қай жерде болмасын қудалаймыз», – деп атап өтті Эфи Дефрин.
Газа секторындағы қақтығыс Израиль мен ХАМАС арасындағы шиеленістің артуына байланысты жалғасып жатыр. Қала аумағында әскери операциялар күшейген сайын бейбіт тұрғындарға қауіп артып, гуманитарлық жағдай нашарлап барады.