Әлемге әйгілі Armani брендінің негізін қалаушы өмірден өтті

Автор: Темірхан Айжан

Ол биыл 92 жасқа толған

Фото: Getty Images

Италияда жаһанға танымал модельер, кәсіпкер, Armani компаниясының негізін қалаушы Джорджо Армани 92 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап. 

«Бізді бір отбасыға біріктірген адамның орны опырайып қалды. Ол өзінің көрегендігімен, құштарлығымен, жанқиярлығымен осы ортаны қалыптастырған еді. Енді біз, яғни Арманимен бірге жұмыс істеген қызметкерлер мен отбасы мүшелері, оның мұрасын қорғауға және оған деген құрметімізді сақтай отырып компаниясын әрі қарай дамытуға ант етеміз. Бұл істі құрметпен, жауапкершілікпен және сүйіспеншілікпен жалғастырамыз», – делінген Armani Group мәлімдемесінде.

Армани қайтыс болғанға дейін компанияның бас директоры және креативті директоры қызметін атқарды.

Өткен маусымда Арманидің денсаулығы нашарлағаны туралы ақпарат тараған. Ол ауруханаға жытып шыққан соң үйінде ем қабылдаған.

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони қайғыға ортақтасып, көңіл айтты.

«Ол өз шығармашылығымен Италияның сән саласын әлемге әйгілі етті әрі бүкіл әлемге шабыт сыйлады. Барлығы үшін рахмет», - деді ол.

Джорджо Армани 1934 жылы 11 шілдеде Италияның солтүстігіндегі Пьяченца қаласында дүниеге келген. 1949 жылы отбасымен бірге Миланға көшкен. Жастайынан медицинаға қызығып, Милан университетінің медицина факультетіне оқуға түскен. Бірақ ғылымға деген қызығушылығы суыған соң, екінші курстан кейін құжаттарын алып, фотографтың көмекшісі болып жұмыс істеді, кейін әскери борышын өтеді.

1961 жылы, 27 жасында Армани модельер Нино Черуттидің көмекшісі болды. Ол оған киім пішу, тігуді үйретті. 1970 жылдан бастап Армани бірнеше итальялық маркаға киім үлгілерін жасады. Ал 1975 жылы Миландағы Plaza Hotel қонақүйінде өзінің алғашқы жеке топтамасын ұсынды.

Содан бастап Армани заманауи ең табысты модельерлер мен кәсіпкерлердің қатарына қосылды. 1980-жылдардың басында ол Giorgio Armani USA, Emporio Armani және Armani Jeans компанияларын құрды, бірнеше парфюм желілерін шығарды.

Армани бірқатар еуропалық және голливудтық фильмдерге костюмдер тікті, Лондонның «Челси» футбол клубына форма жасады, сондай-ақ 2006 жылы Туринде өткен Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында итальяндық спортшыларға арналған киім үлгісін дайындады.