Гарвард университеті Дональд Трампты тағы да сотта жеңіп кетті

Автор: Темірхан Айжан

Судья президенттің гранттарды бұғаттау туралы шешімінің күшін жойды 

Фото: Reuters

АҚШ-тың федералдық соты Дональд Трамп әкімшілігінің Гарвард университетіне бөлінген 2,2 млрд долларлық гранттарды бұғаттау туралы шешімін заңсыз деп тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Трамп әкімшілігі университет «антисемитизммен дұрыс күреспей отыр» деген желеумен қаржыландыруды тоқтатқан еді. Алайда судья Эллисон Берроуз зерттеу жобаларының бұл мәселеге қатысы жоқ екенін айтып, Трампты «университетке идеологиялық шабуыл жасап отыр» мәлімдеді.

Сот қаулысымен 14 сәуірден бері тоқтатылған барлық қаржыландыру қалпына келтіріледі. Сондай-ақ университеттің конституциялық құқықтарын бұзатын кез келген әрекетке тыйым салынды.

Ақ үйдің өкілі Лиз Хьюстон сот шешіміне шағым түсіретінін мәлімдеп, «Гарвард университеті студенттерін қысымнан қорғай алмады, әлсіздік танытты және көптеген жылдар бойы дискриминацияға жол берді», - деді.

Еске сала кетейік, сәуір айының ортасында АҚШ Білім министрлігі Гарвардқа бөлінген 2,2 млрд долларлық грант пен 60 млн долларлық ұзақмерзімді келісімшарттарды тоқтатқан болатын. Бұған дейін Трамп әкімшілігі университеттен басқару және қабылдау жүйесін реформалауды талап еткен. Бірақ Гарвард ол талаптарды «антисемитизмге қарсы күреспен байланысы жоқ, университетке бақылауды күшейтуге бағытталған шара» деп қабылдамаған.

Мамыр айында Трамп әкімшілігі Гарвардқа шетелдік студенттерді қабылдауға да тыйым салған. Гарвард сотқа шағымданып, шешімді кері қайтарды. Ол кезде де істі судья Эллисон Берроуз қараған.