Боливияда алғаш рет президенттік сайлаудың екінші туры өтеді

Автор: Аягөз Құрмаш

Бірде-бір кандидат қажетті дауыс жинай алмаған

Фото: istockphoto.com

Боливияның жоғарғы сайлау соты президенттік сайлаудың екінші туры өтетінін хабарлады. Бұған себеп – бірінші турда ешбір кандидат заңда белгіленген межелі дауысты жинай алмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми сайтта жарияланған алдын ала мәліметке сәйкес, сайлауға түскен сегіз үміткердің ішінде алғашқы екі орынға:

  • Родриго Пас Перейра – Христиан-демократиялық партия атынан, шамамен 32,1 пайыз дауыс жинады;
  • Хорхе Кирога – бұрынғы президент, Alianza Libre коалициясының кандидаты, 26,8 пайыз дауысқа ие болды.

Боливия Конституциясына сәйкес, президенттікке үміткер жеңіске жетуі үшін:

50 пайыздан астам дауыс жинауы немесе кемінде 40 пайыз дауыс алып, екінші орын алған қарсыласынан 10 пайыздық артықшылыққа ие болуы тиіс.

Бұл талаптар орындалмағандықтан, сайлаудың екінші туры өтеді.

Бұл жолғы президенттік сайлауда 7,5 миллионнан астам сайлаушы дауыс берді. Жоғарғы сайлау сотының хабарлауынша, екінші тур 19 қазанда өтеді.