Ақ үй Дональд Трампты Нобель сыйлығына ұсынып жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Оны бірқатар елдің президенті қолдаған

Фото: AP/ Evan Vucci

АҚШ президенті Дональд Трампты Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ұсыну бастамасы Ақ үйдің ресми әлеуметтік желісіндегі жазбада жарияланды. Онда бұл ұсынысты қолдаған шетелдік көшбасшылардың тізімі көрсетілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қолдау білдіргендер қатарында:

  • Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев;
  • Армения премьер-министрі Никол Пашинян;
  • Камбоджа премьер-министрі Хун Сен;
  • Габон президенті Брайс Олиги Нгема;
  • Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху;
  • Пәкістан үкіметі;
  • Руанда сыртқы істер министрі Оливье Ндухунгирехе.

Дональд Трамп бұған дейін халықаралық аренадағы бейбітшілікке қосқан еңбегін бірнеше рет атап өткен. Оның айтуынша, ол:

  • Руанда мен Конго Демократиялық Республикасының арасындағы қақтығыстарды тоқтатуға,
  • Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленісті азайтуға,
  • Сербия мен Косово арасындағы қатынастарды реттеуге ықпал еткен.

Сонымен қатар, Трамп Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келісімге де дәнекер болуға тырысып жатыр.

Трампты Нобель сыйлығына ұсыну идеясы Вашингтонда өткен үшжақты кездесу барысында да көтерілген. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бұл бастаманы Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен бірге Нобель комитетіне жолдауды ұсынды:

«Дональд Трамп бұл сыйлыққа лайық. Ол қысқа мерзімде ұзаққа созылған келіссөздер процесін аяқтай алды. Біз премьер-министрмен бірге Нобель комитетіне хат жолдай аламыз», - деді Әлиев.